Ерұлан Жамаубаев Jusan Holdings-ке қатысты пікір білдірді

АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Үкіметіне Jusan Holdings компаниясының АҚШ сотындағы талап-арызы бойынша ешқандай құжат келіп түскен жоқ. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әзірге, бізге осы мәселеге қатысты қандай да бір құжат келіп түспеді. Талап-арыз шетелдік юрисдикцияда болды. Бұл тұрғыда мәселенің мән-жайы анықталады деп санаймыз», - деді Е. Жамаубаев Сенатта тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Сонымен қатар ол талап-арызда көрсетілген іс-қимылдар ҚР Үкімет жағынан болмағанын нақтылады.

«Бұқаралық ақпарат құралдарындағы мәліметтерге қарасаңыздар, Қазақстан Үкіметі жағынан ешқандай іс-қимылдар жасалмады. Сондықтан сот бұл процеске қатысты мәселені анықтайды деп ойлаймын», - деді Қаржы министрі.

Осы орайда тілшілер Қазақстанның ұстанымын сотта қорғауы мүмкіндігіне қатысты сұрақ қойды.

«Егер қажет болса, қорғаймыз. Алдымен талап-арызды қабылдап, тиісті құжаттарды жолдауы керек. Әзірге, бізге құжаттар келіп түспеді», - деді ведомство басшысы.

Бұған дейін БАҚ-та Jusan құрылымдары Қазақстан Үкіметіне қарсы шағым түсіргені хабарланды.

Сонымен қатар Назарбаев зияткерлік мектептері Jusan-ды елге қайтаруға қатысты мәлімдеме жасады.