«Коронавирустың жаңа түрі «Стелс-омикрон» Қытайда белең ала бастады. Соның әсерінен Шанхайда түрлі саладан 2000-ға жуық медицина қызметкері тартылып, қала тұрғындарын тестілеуден өткізіп жатыр. Бұл штамм бізге келуі мүмкін бе?», - деп сұрады журналист.
«Баршаңызға аян, елімізде жалпы эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Күніне 20-ға жуық адам коронавирус инфекциясына шалдығуда. Бұл ненің әсері? Бізде қазіргі уақытта ұжымдық иммунитеттің бар екені өздеріңізге аян. 10,5 миллионға жуық азамат толық вакциналаудан өтті. Сонымен қатар, 3,5 млн азамат ревакцианциядан өтті. Әуел баста айтқанымыздай, біз коронавирус инфекциясымен өмір сүруіміз керек, сақтануымыз керек. Иә, ведомствоаралық комиссияның шешімімен, бас санитарлық дәрігердің қаулысы бойынша бүгінде бүкіл талаптар алынып тасталды. Соған қарамастан, біз азаматтарға ең бірінші адам көп топтасқан орындарда маска тағуға кеңес береміз. Егер вакцинациядан, ревакцинациядан бас тартсақ, жағдай ушығып кетуі мүмкін. Бүгінгі жетістігіміз – 10,5 млн адамның саналы түрде вакцинациядан өткені, ұжымдық иммунитеттің қалыптасқаны», - деді комиетттің ресми өкілі.
Оның айтуына қарағанда, эпидемиологиялық ахуалдың тұрақтануы бұдан былай ұжымдық иммунитетті сақтаудың қажеті жоқ дегенді білдірмейді.
«Көп адам карантин шектеулері алынып тасталғанын «вирусты жеңдік, енді вакцина алмасам да болады» деп түсініп жатыр. Бұл үлкен қателік. Осыдан бір жыл бұрын, тіпті жарты жыл бұрын вакцина алған адамдар ревакцинациядан өтпеген жағдайда мутациялық штамдар елге келген кезде бірінші жұқтыруы мүмкін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, бүгінде «Стелс-омикрон» штамынан құтқаратын бірден-бір жол, жұқтырғанның өзінде жеңіл өткерудің жолы – вакцинация мен ревакцианция. Вакцина алсақ қана біз вирусты жұқтырғанның өзінде ауруханаға түспейміз, жасанды тыныстандыру аппаратына таңылмаймыз. Бүгінде азаматтарымыз санасын оятып, міндетті түрде ревакцинациядан өтуі керек. Қолда бар ұжымдық иммунитетті сақтап қалуымыз керек.», - деді Ержан Байтанаев.
Еске салсақ, бүгінде қазақстандықтарға Pfizer-мен ревакцинация жасау мүмкіндігі ұсынылып отыр.