Оның сөзінше, Қазақстан мен АҚШ арасындағы саяси диалог енді нақты инвестициялық шешімдерге, бірлескен өндірістік жобаларға және ұзақмерзімді коммерциялық байланыстарға ұласуы керек.
— Қазақстан америкалық бизнеске Орталық Азиядағы сенімді платформа ұсынып отыр. Қазіргі таңда еліміз саяси және экономикалық жаңғырудың ауқымды кезеңінен өтіп жатыр. Бұл процесс ашық, бәсекеге қабілетті және инвесторлар үшін қолайлы экономиканы қалыптастыруға бағытталған. Біз демократиялық институттарды дамытуға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге, адам құқықтарын қорғауға және тепе-теңдік жүйесін нығайтуға ерекше мән береміз. Заң үстемдігі мен құқықтық тәртіп қағидаты ішкі саясатымыздың негізгі ұстанымдарының біріне айналды, — деді Ержан Қазыхан.
Арнайы өкілдің айтуынша, бүгінде елімізде 600-ден астам америкалық компания жұмыс істейді, ал АҚШ-тан тартылған инвестиция көлемі Қазақстан мен Америка арасындағы экономикалық байланыстың тереңдігін көрсетеді.
— Chevron мен ExxonMobil әлемдегі ең қуатты әрі сенімді энергетикалық әріптестіктің бірін қалыптастырды. Honeywell секілді компаниялар өнеркәсіптік дамуға үлес қосып келеді. Ал Microsoft, Amazon және Google сияқты технологиялық көшбасшылар Қазақстанның цифрлық трансформациясына белсенді қатысып отыр. Қазір біздің стратегиялық күн тәртібіміз кеңейіп келеді. Жаңа кезеңде өнеркәсіп, цифрлық экономика, жасанды интеллект, критикалық минералдар, ауыл шаруашылығы және көлік-логистика салаларындағы ынтымақтастықты тереңдетуге ниеттіміз, — деді ол.
Ержан Қазыхан Қазақстанның жасанды интеллект пен цифрлық экономика бағытында өңірлік көшбасшылыққа ұмтылып отырғанын айтты. Осы ретте ол Екібастұздағы деректерді өңдеу орталығы жобасын және америкалық компаниялармен жасалған келісімдерді мысалға келтірді.
Сонымен қатар Қазақстан АҚШ нарығына уран, титан және басқа да маңызды шикізат жеткізушілердің бірі болып отыр. Арнаулы өкілдің айтуынша, ендігі міндет — геологиялық әлеуеттен жоғары технологиялық өндіріс пен қосылған құны жоғары жобаларға көшу.
— Біздің мақсатымыз — саяси ықпалдастықты нақты коммерциялық нәтижеге айналдыру. Қазақстан америкалық компанияларды жаңа альянстар құруға, бірлескен жобаларды іске асыруға және екі елдің экономикалық өсіміне үлес қосуға шақырады, — деді Ержан Қазыхан.
Ержан Қазыханның айтуынша, Қазақстан мен АҚШ арасындағы байланыс тек инвестиция ағынын қамтамасыз етіп қана қоймай, екі ел халқының өзара қарым-қатынасын, туризмді және іскерлік әріптестікті де нығайта түспек.
Сонымен қоса дөңгелек үстелде Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері, көлік-логистика, жаңа энергетика, өнеркәсіптік кооперация және даму институттарының жобалары таныстырылды.
Айта кетейік, АҚШ Қазақстан экономикасына 60 млрд доллардан астам инвестиция салды.