Ержан Максим Түркістандағы жас таланттар байқауында ән айтты

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістанда «Түркістан: көне мен келешек көпірі» атты облыстық өнер фестивалі мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Голос. Дети» музыкалық шоуының 6-шы маусымының жеңімпазы, Халықаралық «Junior Evrovision» байқауының II орын иегері Ержан Максим облыс орталығында өткен гала-концерттің құрметті қонағы болды.

Фестиваль аймақ әкімі Өмірзақ Шөкеевтің бастамасымен және облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасының ұйытқы болуымен ұйымдастырылған.

Түркістан қалалық Оқушылар сарайында өткен шарада фестиваль жеңімпаздары арнайы дипломдармен марапатталды.

Шара мақсаты – жас таланттарды, өнерлі өрендерді анықтау, оқушылардың мектептен тыс уақытын тиімді өткізу және қолдау. Ол 2021 жылдың 12 қаңтары күні Түркістан қаласы «Ақжайық» музыкалық мектебінде бастау алып, облыстың 16 ауданында өткен болатын.

Көрерменсіз өткен «Түркістан: көне мен келешек көпірі» атты облыстық өнер фестивалінде аудан, қала бойынша 3 мыңға жуық өнерпаз өнерін көрсетуге мүмкіндік алды.

Оқушылар бірнеше номинация бойынша сынға түсті.