Ержан Саденов күдікке ілінген полицейлер жайында: арамызда сатқындар болмауы керек

Фото: ҚР Үкіметі

АСТАНА. KAZINFORM – Полиция қатарында күдікке ілінгендерге қатысты қатаң ұстаным бар. Бұл туралы Ішкі істер министрі Ержан Саденов мәлім етті.

Бүгін Парламент Мәжілісіндегі баспасөз мәслихатында тілшілер министрге Жамбыл облысында полицейдің қамауға алынуы дерегіне қатысты сұрақ қойды.

— Өкінішке қарай, мұндай деректер болды. Ішкі істер министрлігі — ірі ведомстволардың бірі. Былтырғы деректерге қарағанда, бізде статистика жақсарып отыр. Заңды бұзу, оның ішінде қылмыстық әрекетке бару полиция қызметкерінің жоғары мәртебесіне мүлдем сәйкес келмейтінін бірнеше рет айттым. Полицей халықты қорғауы керек. Мұндай жағдайларда біз сатқындық туралы айтып отырмыз. Сатқындармен қысқа ғана сөйлесеміз. Нақты Жамбыл облысы бойынша өзіміз анықтадық. Осындай деректерге қатысты ұстанымымыз қатал. Біздің арамызда сатқындар болмауы керек, — деді Ержан Саденов.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Жамбыл полиция департаменті басшысының орынбасары қызметтен қуылып, артынша қамауға алынды.