Қазір еліміздің 14 облысы мен Астана және Алматы қалаларынан іріктеліп шыққан ең мықты 34 балуан аталмыш доданың финалдық сынына қызу дайындық үстінде. Олардың қатарында 2013 жылы өткен «Қазақстан барысы» жарысында басы дауға қалып екі жылға қазақ күресінен шеттетілген Ержан Шынкеев те бар.
Араға екі жыл салып, қазақ күресіне қайта оралған қарағандылық Ержан Шынкеевке арнайы қоңырау шалып, «Қазақстан барысы» турниріне дайындығы жайында әңгіме өрбіттік.
Ержан Темірбекұлы! Сізді 2013 жылғы «Қазақстан барысы» турнирінің финалдық додасында Бейбіт Ыстыбаевпен болған белдесуде орын алған дауға байланысты қазақ күресінен екі жылға шеттеткені есімізде. Биыл қайтадан дәстүрлі турнирге оралғаныңызды, «Қарағанды барысы» атағын иеленгеніңізді естіп жатырмыз...
Иә, қазақ күресі әр қазақтың қанында бар қасиетті өнер. Бұл біздің төл спортымыз. Сондықтан одан бір жола қол үзіп кету мүмкін емес. Бір сәтсіздікке бола қолды бірақ сілтеу жігіттікке сын. Сол кездегі төрешілердің қателігінен екі жылға «құрбандыққа» шалындым. Бірақ, мені ешкім қазақ күресінен өмір бойына шеттеткен жоқ. Өткен іс өтті. Өткен күнге өкпе өшті. Енді жаңа көңіл-күймен қайта оралып жатырмын.
«Екі жыл қазақ күресінен өтетін ешқандай жарыстарға қатыспайсың» дегенде қандай көңіл-күйде болдыңыз?
- Ол күндердің бәрі артта қалды. Енді оны еске алып қайталаудың қажеті жоқ деп есептеймін. Бірақ, далада қалған жоқпын. Өздеріңіз де білесіздер мен дзюдодан ұлттық құраманың мүшесімін. Сол құрамада күні бүгінге дейін жаттығып, ел іші-сыртындағы жарыстарға қатысып жүрмін. Дзюдодан Олимпиада ойындарына бармағаным болмаса өзге әлемдік, халықаралық додаларда ел намысын абыроймен қорғап келем. Сондықтан қазақ күресінен шеттеткен екі жылда ескерусіз қалған күнім болған емес.
Биылғы «Қазақстан барысына» дайыныдығыңыз қалай?
Бір-екі ай болып қалды. Тек осы «Қазақстан барысы» туриріне дайындалып жатырмын. Көңіл-күйім де, жаттығуым да керемет.
Әңгімеңізге назар салсақ, бұрынғы кеткен еселеріңізді қайтаруға біржола бекінген сияқтысыз?
Әрине, қандай жарыс болмасын жоғары көңіл-күймен бару керек. Әр спортшыда «жеңем» деген талап-жігер болмаса не үшін жарысқа барады. Мен бұйырса бас жүлдені алу үшін белдесем.
Қазақ күресіндегі басты қарсыластарыңыз кім?
Ешкімді бөле жармаймын. Қазақтың балуандарының барлығы мықты. Өз басым кім болса да белдесуге дайынмын. Күрес деген қызық спорт. Кейде атағы таудай алыптарды оп-оңай омақастыра лақтыра саласың. Кейде бармақтай баладан ойламаған жерден жығылып қаласың. Сондықтан, анау менің қарсыласым, мынау маған қарсылас емес деу әбестік.
«Қазақстан барысына» өзіңіз қатыспаған соңғы жылдардағы белдесулеріне қандай баға бердіңіз? Төрешілердің әділдігін қалай бағаладыңыз?
Мен бірақ нәрсені білем. Қазақ күресі соңғы жылдары өте жақсы жоғары деңгейде дамып келеді. Соны білем. Ал «Қазақстан барысына» бағаны мен емес халық береді. Ал бізге керегі төрешілердің әділдігі...
- Әңгімеңізге рахмет!