АСТАНА. KAZINFORM – Тирана қаласында (Албания) грек-рим күресінен олимпиадалық емес салмақтарда өтіп жатқан әлем чемпионатында қазақстандық Ержет Жарлықасын финалға шықты.
Қазақстандық балуан 63 келіге дейінгі салмақта 1/8 финалда поляк Мишал Трачщты қапы қалдырды.
Ширек финалда франциялық Стефан Клементті мерзімінен бұрын ұтты.
Ал жартылай финалда ресейлік Садық Лалаевты 8:0 есебімен тізе бүктірді.
Е.Жарлықасын белдесуінің бәрі ойдағыдай болғанын, енді чемпиондық атақ үшін барын салатынын жеткізді.
Ержет Жарлықасын 29 қазан күні финалда әзербайжандық Нихат Маммадалимен алтын жүлдені сарапқа салады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ризабек Айтмұқанның үш дүркін әлем чемпионы атанғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).