Есбол Сұлтанов: универсиадада шәкірттерім сенімді ақтады

Фото: Телжан Күдеров

АСТАНА. KAZINFORM — Таэквондодан Қазақстан ұлттық құрамасы XXXII Дүниежүзілік Универсиада ойындарын 1 алтын, 7 қола жүлдемен аяқтады. Kazinform тілшісі осыған орай таэквондодан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Есбол Сұлтановты әңгімеге тартқан еді.

— Универсиадаға дайындыққа көңіл бөлдік. Оқу-жаттығу жиыны Алматы облысында өтті. Онда спортшылармен жеке бапкерлерімен келді. Алдын ала жоспарымыз бойынша кемінде үш медальға қол жеткізуді мақсат еттік. Шәкірттерім намысқа тырысты. Қоржынымызға жеті медаль түсті.

Құрама сапынан Самирхон Абабакиров алтын алса, Дамир Шүленов, Тамирлан Тілеулес, Батырхан Төлеуғали, Бейбарыс Каблан және Нодира Ахмедова қола жүлдегер атанды. Сондай-ақ еліміздің таеквондодан аралас құрамасы Универсиада ойындарының қола жүлдегері болды. Құрама сапында Бейбарыс Қабылан, Самирхон Абабакиров, Айдана Сүндетбай және Назым Махмудова сынға түсті.

Универсиада жоғары деңгейдегі спорттық шара екені белгілі. Соған қарамастан олар жарыс барысында жинақы қимыл көрсетті. Жүлделі орындардан көрінді.

— Алда қандай жарыстар бар? Оған дайындық барысы қалай жүргізіледі?

— Жақында елордамызда Астанада халықаралық жарыс өтеді. Оған жиырмадан астам мемлекеттен спортшылар келеді деп күтілуде. Бұл жарыста да жоғары деңгейде шеберлік көрсетеміз деген ойдамын. Ал тамыз айының аяқ шеніне таман Оңтүстік Кореяда екінші Гран-При челенджі бар. Оған да барып қатысып қайтуды жоспарлап отырмыз. Қазан айында жылдың басты бәсекесі — әлем чемпионаты өтеді.

Фото: ҰОК

— Қазір әлемде қандай елдер таэквондоның дамуы жөнінен алда келеді? Олардан не үйренуге болады?

— Дүниежүзінде таэквондодан Оңтүстік Корея, Иран, Өзбекстан елдері алдыңғы лектен көрініп жүр. Біз биыл халықаралық деңгейде оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Оны алдымен Өзбекстаннан бастадық. Оған оншақты мемлекеттен спортшылар келді. Одан кейінгі сапарымыз Иранда жалғасты.

— Өзіңізден шетелде қызмет атқарып қайтқаныңызды білеміз. Сондықтан спортшыларды жарысқа дайындау барысында қандай жаңа әдіс-тәсілге көңіл бөлесіз?

— Әлемде таэквондо жылдам өзгеріп келеді. Бұдан бұрын Олимпиадаға спортшыларды дайындауға байланысты алған тәжірибемді ендігі кезекте Қазақстан құрамасына барынша пайдаланып жатырмын. Оқу-жаттығуға байланысты жаңа үлгісі мен жүйесін қойып, мықты режимге көңіл бөлдік. Спортшылар оған бейімделіп жатыр. Универсиадаға жетістігімізді сол жаңа бағдарламаның жетістігі деп есептейміз.

Фото: Спорт комитеті

— Алда 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиада ойындары жақындап келеді. Оған дайындық қалай жүргізіледі? Ұлттық құраманы іріктеуде қандай талаптар сақталатын болады?

— Қай жарыста да спортшылардың писихологиялық тұрғыдан дайын болуына назар аударылады. Сол кедергіден өту үшін көптеген жарысқа қатысуға көңіл бөліп отырмыз. Әрине, жарысқа қатысқанда спортшы көбірек тәжірибе алады. Психологиялық кедергіден тез өтеді деп ойлаймын.

— Жанкүйер қауым сіздің шетелде қызмет атқарғаныңызды біледі. Дегенмен өзіңіз жайлы ақпарат аз.

— Мен бапкерлік қызметімді 2008 жылы бастаған едім. Шәкірттерімнің арасында Қазақстан, Азия және әлем чемпионаттарында жүлделі орындардан көрінгендер бар. Ал жаңа қызметі дейін Тунис елінде олимпиадалық құрамасының бас бапкері болдым. Ендігі кезекте өз елімнің туы мен спортын көтеруге мүмкіндік алып жатырмын. Алдағы уақытта шәкірттерімнің арасынан әлем және Олимпиадада топ жарған спортшылар шығатынына сенім артамын.

— Әңгімеңізге рақмет.