Есентай өзені үстіндегі жаяу жүргіншілер көпірінің құрылысы қашан аяқталады

Фото: Алматы әкімдігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда Есентай өзені арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірінің бір бөлігі биыл, ал екінші бөлігі келесі жылы аяқталады. 

Қалалық мәслихаттың сессиясында депутат Салтанат Серікова 2021 жылдан бері әл-Фараби даңғылы бойындағы Есентай өзені үстіндегі көпірді қайта жаңғыртуға жыл сайын қомақты қаржы бөлінетінін айтты. Әкімдік 2023 жылы 2 млрд теңгеден аса қаражатқа келісімшарт жасап, негізгі автомобиль көпірін қайта жаңғырту және екі бөлек вело-жаяу жүргіншілер көпірін салу жоспарланған. Көлік өтетін бөлігінің жұмысы аяқталғанымен, жаяу жүргіншілер көпірлері әлі толық бітпеген. Бұл жұмыстардың аяқталу мерзімі бірнеше рет — 2023 жылдың соңынан 2024 жылғы желтоқсанға, одан кейін 2025 жылғы мамыр мен маусымға шегерілген.

Депутаттың сөзінше, құрылыс үш жылға созылып, қала тұрғындарына айтарлықтай қолайсыздық туғызып отыр. Ол жыл соңына дейін қандай жұмыстар атқарылатынын және жобаның нақты қашан аяқталатынын сұрады.

Алматы жол инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысы Сағындық Телібаев бұл жобаның үш бөліктен: негізгі көпірді қайта құру және жеке екі жаяу жүргіншілер көпірін салудан тұратынын түсіндірді.

— Біз негізгі көпірдің қайта жаңғырту жұмысын үш айда аяқтап, әл-Фараби даңғылындағы қозғалысты қайта аштық. Ал екі бөлек жаяу жүргіншілер көпірін салу кезінде қоғамдық өкілдермен бірге қарап, жасыл желекті кесуге тура келген соң жобаны түзету туралы шешім қалдық. Қазір жаңартылған жоба мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр, оны 15 желтоқсанда аламыз деп жоспарлап отырмыз, — деді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, оң жақ бетте негізгі конструкция орнатылып қойған, бұл бөлікті жыл соңына дейін ашу жоспарланған. Ал сол жағында Есентайдың астымен диаметрі 800 мм су құбыры өтеді, оны қыс мезгілінде көшіру мүмкін емес.

— Сол себепті солтүстік бөліктің құрылысы шамамен 2026 жылғы мамырда аяқталады, — деді ол.

Еске салайық, 2023 жылғы қыркүйекте әл-Фараби даңғылы бойындағы Есентай өзені үстіндегі жаңартылған автомобиль көпірі ашылған еді. Жөндеу барысында көпір кеңейтіліп, жол бөлігі сегіз жолаққа ұлғайтылды.