Оның айтуынша, есепті кезеңде Алматыда атмосфералық ауаның және су нысандарының жоғары әрі төтенше жоғары деңгейде ластану деректері тіркелмеген.
Департамент мамандары қаладағы түрлі нысандарда ауа, су, топырақ және өндірістік шығарындыларға зертханалық зерттеулер жүргізді.
— Зертханалық бақылау қоршаған орта жағдайын объективті бағалауға және экологиялық талаптардың бұзылуына дер кезінде ден қоюға мүмкіндік береді, — деді Дінмұхамед Лесбеков.
Автокөлік шығарындыларын бақылауға ерекше көңіл бөлінген. Осы жылдың бірінші жартыжылдығында 446 дизельді автокөлікке аспаптық бақылау жүргізіліп, оның 71-нен шығарындылардың белгіленген нормативтерден асып кеткені анықталды. Құқық бұзушыларға қатысты әкімшілік шаралар қабылданып, салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 32,6 млн теңгеден асты.
Сонымен қатар мамандар Есентай, Үлкен Алматы, Кіші Алматы, Ақсай, Басқарасу өзендері мен Сайран көлінің экологиялық жай-күйін тексерді. Зерттеу қорытындысы бойынша мұнай өнімдерінің мөлшері белгіленген нормадан жоғары болуы тек Есентай өзенінде анықталды. Ал қалған бақылау нүктелерінде нормативтен асу деректері тіркелмеген.
Топырақ сынамаларын талдау нәтижелері де ластаушы заттардың шекті рұқсат етілген концентрациясынан асып кету фактілерін көрсеткен жоқ.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда экологиялық талаптарды бұзған 200 көлік анықталғанын жазғанбыз.