Есеп комитеті «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясын тексереді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Есеп комитеті «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясын тексереді. Бұл туралы Сенаттағы «Теңдестірілген және ашық бюджет - елдің табысты және орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуының кепілі» атты парламенттік тыңдауда Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі Айгүл Мұхаметкәрім мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясында және басқа компанияларда мемлекеттік аудит жоспарланған»,-деді А. Мұхаметкәрім.

Оның сөзіне қарағанда, ағымдағы жылы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысына аралық бағалау жүргізіледі. Сонымен қатар осы шаралармен орталық мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарлары да қамтылады.

Парламенттік тыңдау барысында сөз сөйлеген Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев бюджеттік қаржының ысырап етуге жол берілмеуі тиіс екенін қадап айтты. «Басты екпін бюджет шығыстарының тиімділігін арттыруға негізделуі тиіс. Бюджет шығыстарына қатысты қадам тыңғылықты пысықталып, қаржы ең қажетті салаларға бағытталуы керек. Шектен тыс ысырапқа жол берілмеуі қажет», - деп тоқталды Қ. Тоқаев.