Отырыста Есеп комитетінің мүшесі Талғат Жақан баяндама жасады.
«Мемлекеттік аудит жұмыстары Атырау облысында жалпы сомасы 33 млрд 110 миллион теңгелік 10 нысанды қамтыды. Есеп комитетінің аудиторлық шараларының нәтижесі жеке облыстық басқармалар мен Абырау облысы әкімдіктерінің бөлімдерінде жүйелі кемшіліктер барын, әкімшілік тарапынан жергілікті бюджетті бағдармаларға лайықты мониторинг жұмыстары мен бақылау жетіспейтінін көрсетіп отыр», - дейді Талғат Жақан.
Есеп комитеті мүшесінің айтуынша, жалпы сомасы 498 млн теңге болатын қаржылық бұзушылықтар анықталған. Сондай-ақ, процедуралық сипатта 108 бұзушылық белгілі болды.
«Ішкі өңірлік құрылымдық өнімнің талдауы жалпы мөлшерде ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп саласында өнімділіктің төмендегенін көрсетті. Мұнай-газ компаниясының жұмысының өсімі тіркелсе, ол жақта шағын және орта бизнес субъектілерінің азайып келе жатқаны байқалады. Мемлекеттік аудит анықтағандай, жергілікті бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері аймақты дамыту бағдарламалары мен аймақтың әлеуметтік-даму жоспарлы көрсеткіштеріне сапалы жоспарлау жүргізбеген. Мәселен, Атырау қаласының «Көктем» тұрғын-үй массивінде инженерлік желілер үшін 2018 жылы Ұлттық қордан бөлінген қаражаттың 16 миллион теңгесі игерілмей, бюджетке қайтарылған», - дейді ол.
Сондай-ақ, Талғат Жақан атап өткендей, облыс орталығының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын жоспарлау кезіндегі жергілікті атқарушы органдардың өзара келісіп алмауы салдарынан 900 млн теңге мемлекет қаржысын дұрыс жоспарланбаған. Атырау қаласындағы «Береке» шағын ауданындағы тұрғын үй құрылысының жобалық-сметалық құжаттарының сапасыз дайындалуынан 155 пәтерлік үш тұрғын үй уақтылы пайдалануға берілмеген.
«Нұрсая» шағын ауданында үш ауысымды мектептің жайы мен мектеп жетіспеушілігі мәселесі әлі де шешілмеген. 2017 жылы пайдалануға берілген 620 орындық мектепте 1 850 бала оқып жатыр. Ол мектепте оқушылар саны стандарттан 3 есе артық. Денсаулық сақтау саласына да бөлінген қаражат толығымен тиімді атқарылды дегенге келмейді. Аймақта медициналық кадрлардың жетіспеушілігі сезіледі. Кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында алынған медапараттар тиімді қолданылып жатқан жоқ», - дейді Талғат Жақан.
Есеп комитетінің мүшесі сөзін аяқтай келе мемлекеттік аудиттің тексерісінен кейін біршама кемшіліктер жойылғанын да айтты.