Есеп комитеті «Байқоңыр» кешенінің 109 нысанында бұзушылықтар анықтады

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Аэроғарыш комитетіне аудит жүргізген Есеп комитеті аталған ведомствода қаржылық, бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану және рәсімдік бұзушылықтар анықталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның хабарлауынша, Ресей тарапынан қабылдап алынған «Байқоңыр» кешенінің 109 нысанын пайдалану келешегі мен оларды балансқа алатын мекеме айқындалмаған. 2009-2017 жылдар аралығында оларды қорғауға 742,0 млн.теңге шығын жұмсалған. Сонымен қатар, аэроғарыш комитетінде квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жарғылық капиталын ұлғайтуға бөлінетін бюджет қаражатын қайтару және одан әрі пайдалану тетігінің жоқ екендігі анықталған. Мәселен, «KazSat-3» ғарыш аппаратын жасау және ұшыру жобасын іске асыру үшін алынған 0,6 млн.теңге мөлшеріндегі қаражат қалдығы 2015 жылдан бері «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ-ның шотында жазылып келген.

«Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ-ның жалпы сомасы 2 848,7 млн.теңгелік «Ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенін салу» жобасы шеңберінде жабдықтарды сатып алу бойынша шығындарды кіріске алу бөлігінде бухгалтерлік есепті жүргізу тәртібінің бұзушылықтары анықталды. Аэроғарыш комитетінің ведомстволық бағынышты ұйымдары жол берген сапасыз орындалған жұмыс көлемін қабылдау, техникалық қадағалаудың сүйемелдеуінсіз құрылыс-монтаждау жұмыстарын орындау және объектілер құрылысының нормативтік мерзімін сақтамау бөлігінде сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнаманың бұзушылықтары анықталды», - делінген хабарламада.

Мемлекеттік аудит қорытындылары бойынша Есеп комитеті жалпы сомасы 3 637,7 млн. теңгенің қаржылық бұзушылықтарын, бюджет қаражатын тиімсіз пайдалануға қатысты  646,1 млн. теңгенің бұзушылықтарын және 24 812,5 млн. теңгеге 36 рәсімдік заңсыздықтар анықтаған.

«Мемлекеттік аудит барысында 2 640,8 млн. теңге өтеліп, қалпына келтірілді. Мемлекеттік аудиттің жекелеген материалдары әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қарауға уәкілетті органдарға процестік шешімдер қабылдау үшін жіберілді. Отырыстың қорытындысы бойынша Үкіметке, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Аэроғарыш комитетіне және оның ведомстволық бағынышты ұйымдарына анықталған бұзушылықтарды жоюға және ескертуге, бюджет және өзге де заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз етпеген лауазымды адамдардың жауаптылығын қарауға бағытталған бірқатар тапсырмалар берілді», - деп хабарлайды Есеп комитетінен.