«Есеп комитеті есін шығарды» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 3 қараша. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 3 қараша, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

                                                                     ***

Кеше ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елімізге тұңғыш ресми сапармен келген Монако Князі Альбер ІІ-мен кездесті. Онда әріптестік қатынастарды өрістетудің мүмкіндіктері талқыланды. Осы жайт арқау болған мақала «Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік санында «Қазақстан-Монако: Өзара байланыстарды өрістетуге алғашқы қадам» деген тақырыппен  берілген. Басылымның атап өтуінше, бұл Монако Князі Альбер ІІ-нің екі мемлекет арасында дип­ломатиялық қатынастар орнаған­нан бергі кезеңдегі Қазақстанға жасаған алғашқы ресми сапары болғандықтан, сапар барысында тараптар жоғары деңгейдегі байланыстарды орнату және екі­жақ­ты ынтымақтастықтың болаша­ғын айқындау мәселелеріне ай­рықша назар аударды.

***

«Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санынының тұрақты "Дат" айдарында Нұрғали Нүсіпжановпен сұхбат жүргізілген. «Ұлттық қадір-қасиетті қастер тұтатын қауым азайып барады» деп аталатын сұхбатта ҚР халық әртісі: «Қазір Республика сарайында концерт өткізу үшін 4-5 миллион теңгеге дейін ақы төлеу керек. Мұндай нәрсе әу бастан қайдан шықты өзі? Және ол жайлы бекер әңгіме қозғап отырғаным жоқ. Себебі мен ол ғимараттың ең алғаш іргетасы қалай қаланғанын көзбен көрген адаммын. Күллі қазақ әлі күнге қастер тұтатын Димекең сол Республика сарайын салу үшін небір жанқиярлық әрекеттерге барды. Ол кезде Мәскеу қазаққа ырық бере бермейтін. Соның өзінде әйтеуір жолын тауып, бюджеттің игерілмеген ақшаларын кәсіподаққа аударып отырып, жылдап жинап, міне, елге сондай ауадай қажет сарайды салдырды. Сөйтті де, оны Мәдениет министрлігінің құзырына берді. Қазір ұқпайтыным, неге сондай халыққа ортақ игілік орнын жеке біреуге беріп, енді соған тәуелді болып отырмыз? Не үшін өз елінде, өз жұртына өнерін сыйлаймын деген адам ол үшін ақы төлеуге тиіс?», - деп қынжылыс білдірген.

***

«Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті еліміздегі білім саласын 2011-2020 жылдары дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламасына бөлінген бюджет қаржысын пайдалануда 18 миллиард теңгеден астам қаражат бұзушылықтарын анықтады», - деп жазады «Айқын» газеті. Басылымның атап өтуінше, білім нысандарының құрылысы барысындағы көптеген заң бұзушылықтар, құрылыс мерзімдерін бұзу, инвестжобаларды қымбаттату, жұмыстардың орындалмаған көлемдері үшін төлем жасау, жабдықтарды жеткізу мерзімдерін сақтамау фактілері анықталған. Мақала «Есеп комитеті есін шығарды» деген тақырыппен берілген.

***

«Хоргос» пен «Қордай» кеден бекеттерін бизнес-құрылымдар қарамағына беру керек. «Время» газетінің жазуынша, «Атамекен» Одағы» ҰЭК басқармасының төрағасы Абылай Мырзахметов дәл осындай ұсыныс жасапты. Бұл ретте ол кеден бекеттері бизнес құрылымдардың басқаруына берілген Түркияны үлгі ретінде алға тартып отыр. «Кеденшілер ол жерлерде де бар әрі тек өздерінің нұсқаулығын жүзеге асырады. Ал барлық инфрақұрылым, яғни қанша өткел қою керек, қандай автотұрақ қажет деген сынды жайттардың барлығын кәсіпкерлердің өздері шешеді. Ол жақта осы процедуралардың барлығы 8 есе, ал кеден арқылы тауар айналымы 4 есе ұлғайған», - дейді А.Мырзахметов.

***

«Экспресс К» басылымның жазуынша, Солтүстік Қазақстан облысында көпбалалы отбасылар саны күн санап артып келе жатыр. Мәселен, 2006-2008 жылдары дүниеге келген барлық сәбилердің жартысы отбасының тұңғышы болған. Ал қазіргі уақытта дүниеге келіп жатқан сәбилер бір үйдің екінші, үшінші, төртінші, бесінші, тіпті алтыншы балалары. Ал осы өңірдегі ең бақытты отбасының жұбайы 10-шы сәбиін дүниеге әкеліпті. «Ол кезде оның жасы 34-ке толған. Айтпақшы, келесі сәбиін дүниеге әкелу аналардың жасын да күрт өсірді. Мәселен, таяуда 4-ші баласын дүниеге әкелген ананың жасы 45-тен асып кеткен», - деп жазады басылым.