Есеп комитетінің төрағасы Йоханнесбург қаласында шетелдік жоғары қаржы бақылау органдарының басшыларымен бірқатар екі жақты кездесулер өткізді

АСТАНА. 14 желтоқсан. ҚазАқпарат - Есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксікбаев Йоханнесбург қаласында шетелдік жоғары қаржы бақылау органдарының басшыларымен бірқатар екі жақты кездесулер өткізді,

деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

Йоханнесбург қаласында өткен Жоғары қаржы бақылау органдары халықаралық ұйымының (ИНТОСАИ) ХХ конгресі аясында ҚР Есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксікбаев шетелдік әріптестерімен кездесті. Омархан Өксікбаев Француз Республикасы Есеп сотының бас президенті Дидье Мигомен, Бельгия Корольдігі Аудит сотының бас президенті Филиппэ Роландпен, Ресей Федерациясы Есеп палатасының Төрағасы Сергей Степашинмен, Грузия Бақылау палатасының басшысы Левин Бежашвилимен, Молдова Республикасы Есеп палатасының Төрағасы Алла Попескумен, Польша Республикасы Жоғарғы бақылау палатасының президенті Жасек Жизерскимен, Эстония Республикасының мемлекеттік бақылаушысы Михкел Овирмен ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады.

Сонымен қатар, Омархан ӨксікбаевЭкономикалық ынтымақтастық елдерінің жоғары қаржы бақылау органдары ұйымының (ЭКОСАИ) Басқарма президенті - Иран Ислам Республикасы Жоғарғы есеп сотының президенті Абдол Реза Рахмани Фазлимен кездесу өткізді. Есеп комитеті Төрағасының пікірі бойынша, ЭКОСАИ өзінің тиімділігін іспен дәлелдеді, енді ИНТОСАИ құрамына ЭКОСАИ өңірлік бірлестік ретінде кіру мәселесі күн тәртібінде тұр.

Түрік Есеп сотының президенті Реджай Акиельмен болған кездесуде Есеп комитетінің төрағасы ЭКОСАИ-дың даму перспективаларын және екі жақты ынтымақтастықтың мәселелерін қарастырды.

Омархан Өксікбаев Дүниежүзілік банкінің өкілі Ахмадулла Мустафамен кездесуде қазақстандық мемлекеттік қаржы бақылау жүйесін жетілдіру жөніндегі жобаны іске асыруға берілетін Дүниежүзілік банкінің грантіне байланысты қызығушылық танытты.

ИНТОСАИ - жоғары қаржы бақылау органдарының халықаралық ұйымы. Оның құрамына әлемнің 180-нен астам жоғары қаржы бақылау органы кіреді. ИНТОСАИ-дың конгресі үш жылда бір рет өткізіледі. Есеп комитеті ИНТОСАИ ұйымына 2000 жылдың мамыр айында қабылданған.

ЭКОСАИ - Экономикалық ынтымақтастық елдерінің жоғары қаржы бақылау органдарының ұйымы. ЭКОСАИ-дың мүшелері - Ауғанстан, Әзірбайжан, Иран, Қазақстан, Қырғызстан, Пәкістан, Тәжікстан, Түрікменстан, Түркия және Өзбекстан. 2007-20010 жылдары ЭКОСАИ Басқармасы президентінің қызметін ҚР Есеп комитетінің Төрағасы Омархан Өксікбаев атқарды.

Есеп комитеті ҚР Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік қаржылық бақылаудың жоғары органы болып табылады. Сыртқы бақылауды жүзеге асырады және республикалық бюджеттің атқарылуын, орталық мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарының, мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуын бағалайды. Квазимемлекеттік сектор субъектілеріне бөлінген мемлекеттік қаржы ресурстарының пайдаланылуын бақылайды. Мемлекеттің гранттары мен активтерінің, мемлекет кепілдік берген қарыздардың пайдаланылу тиімділігін талдайды, сондай-ақ Ұлттық банк активтерінің пайдалану сәйкестігін бақылауды жүзеге асырады.