Есептеуіш құрал қойсаңыз, артық төлемейсіз - Досаев су тарифтері туралы

АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев Алатау ауданының тұрғындарымен кездесті.

Фото: Алматы әкімдігі

Қала тұрғыны әкімнен су тарифтеріне байланысты тексеріс жүргізуді өтінді.

- Кешеден бері суға байланысты маған көп сұрақтар келіп жатыр. Біздің мақсатымыз есептеуіш құралдар санын 90 пайызға жеткізу. Көбі, жаңа аудандар бар есептеуіш құралсыз су қосқан ғой. Шаруашылықты суарады, басқа қажеттілігіне жұмсайды. Қазір енді біз норма орнаттық. Одан ассаңыз, қосымша төлейсіз. Норма ішінде болсаңыз, ешқандай қосымша төлем жоқ. Қазір барлық алматылықтардан сұрап отырғаным, оның ішінде жер үйде тұрып жатқандардан - есептеуіш орнатып алыңыздар. Бағасы қымбат емес. Сонымен төлейсіздер, - деді Алматы әкімі.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда 1 ақпаннан бастап 2029 жылға дейін жарамды тарифтер енгізілгенін жазғанбыз.