Есет батыр британ тыңшысын қалай құрықтады? - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 19 қараша, бейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

Қазақ жері - зерттей берсе құпиясы таусылмайтын мекен. Қазіргі Қазақстан аумағынан бірнеше ғасырлар бұрын-ақ шет елдердің даңқты зерттеушілері мен өз заманында атағы тасыған талай жазушы жүріп өткені белгілі. «Айқын» газеті бүгін сондай жазушылардың бірі - орыс саяхатшысы Егор Ковалевскийдің қазақ жері, дәстүрі мен тарихы, тұлға батырлары туралы жазған кітабын талдап, Махамбет Өтемісұлы мен Есет батырлар туралы тамаша естеліктерді тапқан екен. «Орыста Егор Ковалевский (1811-1868) деген жазушы өткен. Өзі саяхатшы, өзі дипломат. Заманында Ковалевский Шоқан Уәлихановпен сырлас дос болыпты»,-деп жазады басылым. Жазушының 1840 жылдары шыққан «Странствователь по су­ше и морям» деген кітабының қа­заққа тікелей қатысы бар. Әсі­ресе, сондағы «Экспедиция на пу­ти в Бухару и военная экспе­ди­ция, действовавшая против Хивы (1839-1840)» очеркінде қазақ да­ла­сында өткен оқиғалар баян­да­лады, сол замандағы қазақ-орыс қатынастарын айна-қатесіз хатқа қалдырған. Осылайша, XIX ға­сыр­дың 30-жылдарының соңын­да­ғы отаршылық езгіге қарсы кө­терілістерді қаз қалпында көз ал­дымызға әкеледі. Осы кітабын жа­зар алдында: «Не көрдім, не біл­дім, сол қалпында қағазға тү­сіруім керек, сонда ғана қызық кі­тап шығады» деген екен. Шы­­нында, бұл еңбек сол уақытта жа­зылған басқа шығармаларға қарағанда шынайылығымен көш бастап тұр. Бұхарға бара жатып, хиуалықтардың тұтқынына түскен жазушы мен экспедиция мүшелері жолда қазіргі Ақтау қаласына қашып барып, содан кейін Бұхарға бара жатқан жасырын әскери экспедицияға қосылып, жандары аман қалады. Осы экспедиция барысында ол қазақты шекті рулары мекендеген жерлерді табаны басалы, қазақ ауылдарына аялдап, ұлтымыздың салт-дәстүріне тамсанады екен. Осы сапарында Ковалевский Ма­хамбет Өтемісұлымен (Му­га­мет Эвтимишев деп жазады) де жо­лық­қан екен. Жазушының Махамбет Өтемісұлы туралы естеліктерін мақаладан толық оқуға болады. Бірден, Есет батырдың білдей бір британ тыңшысын көкала қойдай сабаған жеріне тоқталайық. «Есет батырға жазушы «Английс­кие офицеры в Средней Азии» де­ген очеркінде арнайы тоқтал­ған. Ковалевский Есеттің қара­сүйек­тен шыққан қайсар ұл еке­нін, жиырма жасынан бастап даң­қы шыққанын жазады. Жазу­шы кітабында ел арасында та­ра­ған Есет туралы түрлі аңыздарды да айта кеткен. Ор­та Азияға, соның ішінде қазақ даласын барлауға британ тыңшы­лары да келе бастайды. Соның бірі Джеймс Аббот (1807-1896) болатын. Капитан Аббот 1840 жы­лы Хиуа хандығына келеді. Оған жүктелген тапсырма Хиуа­дағы тұтқында жатқан орыс құл­дарын босатуға көндіріп, сол ар­қылы Ресейдің сеніміне кіру бо­ла­тын. Осылайша, Ресей мен Бри­тания империяларының ара­сына «алтын көпір» тұрғызуға мін­деттенді. Алайда атақты тың­шының жолын біздің Есет батыр кесті. «Аббот Үстірттің оңтүстік жа­ғына қарай өтпек болғанда, қа­зақ­­тың батыры Есетке тап келді. Ол кезде Есет біздің хас дұшпа­ны­мыз болатын, сондықтан ол ту­ра­лы бір ауыз сөз айта кет­кен­ді жөн көрдім. Есет өзі қара­сүйек тұқымынан шықса да, жиыр­ма жасында-ақ елінің еріне айналып, дала батыры деген аты шықты, абыройы таси бастады. Оны да­ланың Геркулесі деуге болатын, себебі оның физикалық күш-қуа­тын, әскери шеберлігі мен жауынгерлігін көрген кез кел­ген еуропалық таңғалатын... Есет Абботты қазақтарды жа­за­лауға келген орыстың әскери отрядтарының бірінен екен деп ойлады. Абботты аяған жоқ, итше сабап тастады. Қазақтар оның жанындағы ауғандық жолсерік­терінің бәрін парша-паршасын шығарды. Абботтың өмірі Есеттің қолында болатын, сол кезде түр­кімендер жетіп үлгерді, Хиуа ха­ны оларды Абботты қорғауға жі­берген екен. Соның арқасында, британ тыңшысының жаны қал­ды. Түркімендер оны Каспий теңі­зінің шығыс жағалауындағы Но­во-Александровск бекінісіне жеткізді, одан әрі сау-тамтығы қал­маған тыңшыны Орынборға жеткізді. Сол жақтан Петерборға жетіп, кейін Лондонға оралған. Сол кезде Есеттің жанында бол­ған қазақтар Абботтың батырға жанымен қарыздар екенін әлі күнге шейін айтып отырады» деп жазады Егор Ковалевский. Есет батырдың бұдан өзге ерлігі мен ғашығын алып қашамын деп, қараңғыда күтуші кемпірді алып кеткен «қызығы» туралы «Айқын» газетінің бүгінгі санында жарық көрген «Есет батыр британ тыңшысын қалай құрықтады?» деген мақаладан толық оқи аласыздар.

***

«Егемен Қазақстан» газеті бүгін Астанының азық-түлік белдеуін қамтамасыз етуге міндетті Ақмола облысындағы кәсіпорындар туралы жазады. « Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасына байланысты Астана қаласының азық-түлік белдеуін қалыптастыру бағдарламасын іс жүзіне асыру барысында соңғы жылдары аталмыш облыста бірқатар ірі кәсіпорындар іске қосылды. Солардың бірі «Capital Projects Ltd» ЖШС-ның құс фабрикасы. Құс соятын цехта сағатына 6 мың бройлер етке өткізіліп отырады. Тәулігіне бұл цехтың қуаты 12-23 мың бройлер союға арнаған. Бір ауысымда құс фабрикасы 15 тоннадан 25 тоннаға дейін құс етін өндіреді. Алдағы уақытта фабрика толық қуатында жұмыс істей бастайтын болады. Мәселен, 2016 жылы зауыт толық қуатында жұмыс істей бастаған кезде жылына 20 мың тонна сапалы құс етін өндіруді көздеп отыр»,-деп жазады басылым. Сонымен қатар, басылым Ақмола облысындағы жылыжай кешенінің жұмысы туралы ақпарат беріп отыр. «АӨК саласындағы инвестициялық жобаларды іс жүзіне асыру шеңберінде Степногор қаласында «Қазақстанның жылыжай технологиясы» ЖШС бүгінгі заманның өскелең талаптарына сай жылыжай кешенін салып, пайдалануға берген болатын. Қазір 3,56 гектар жер көлемін алып жатқан жылыжай кешені толық жобалық қуатында жұмыс істей бастады. Осы кешеннің пайдалануға берілуіне байланысты Степногор қаласында өте қажет жаңа жұмыс орындары ашылды. Бұл жобаның жалпы құны 1,04 миллиард теңгені құрайды. «ҚазАгроФинанс» холдингі осы жобаны толықтай қаржыландыру шарасын іс жүзіне асырды. Астана қаласының азық-түлік белдеуінің көкөніс өнімдеріне деген сұранысын қанағаттандыруда елеулі үлесі бар жылыжай кешенінің жұмысы барған сайын жандану үстінде»,-деп жазады. Облыстағы өзге де кәсіп орындары туралы «Азық-түлік белдеуінің бүгінгі тынысы» деген мақаладан оқи аласыздар.

Сондай-ақ, бас балысым Шымкент қаласының жанындағы қоқыс полигоны жабылады деген ақпарат ұсынып отыр. « Шымкент қаласының әкімі жағдайды таразылай келе шаһар іргесіндегі қоқыс қалдықтары телімін жабуға шешім қабылдады. Сайрам ауданына қарасты Мәртөбе жотасы - Қазақтың дала парламентінің ордасы»,-деп жазады басылым. Қазақтың көректі жазушысы Әбіш Кекілбаев Мәртөбеге жолы түскен бір сапарында «қазақта төбе көп, ал Мәртөбенің жөні бәрінен бөлек, бұл гауһар төбе», деген екен. Басылымның жазуынша, Шымкент қаласына жақын қоқыс полигонына айналған Мәртөбенің қазіргі жағдайы мәз емес. « Мәртөбеде респуб­ликалық талай келелі жиындар өтті. Бірақ, соңғы кезде Мәртөбе ауылының тұрғындарынан маза кеткен. Шымкенттей алып шаһардан шығарылатын қо­қыс­тың отыз пайызға жуығы осындағы полигонға тастала­тын. Шымкент қаласының әкі­мі Ғабидолла Әбдірахимов жағ­дайды таразылай келе, қоқыс полигонын жабуға шешім қа­был­дады. Қазір басқа жерден қоқысхана салу қарастырылып жатыр. Мәртөбе полигонына кірер жол бетонмен жабылды.Осылайша, дала парламен­тінің орталығы болған Мәртөбе қоқысханаға айналудан аман қалды. Халық қала әкімдігіне ризалығын білдіріп жатыр»,-деп жазалы басылым. Бұл туралы толығырақ басылымның бүгінгі санында жарық көрген «Гауһартөбе» деген мақаладан оқи аласыздар.

***

Ал «Казахстанская правда» басылымы 14 қазан күні өмірден озған мемлекет қайраткері, Қазақстан Республикасының бұрынғы премьер-министрі Нұрлан Балғымбаев туралы әріптестері мен достарының естеліктерін жариялаған еді. «Мен Нұрланның курстасы ғана емеспін, әр жылдары ол басқарған мекемелерде жұмыс істегенмін. Нұрланмен алғаш рет 1968 жылы танысқан едік. Кейін білгенімдей, ол біздің факультетте оқыған Нұрберген Балғымбаевтың туған ағасы екен. Сессиялардың бірінде емтиханнан нашарлау баға алған ол: «мен бәрі бір мұнай өнеркәсібінің министрі боламын!» деді. Бұл жалынды жастың құр сөзі емес, нақты мақсаты болған екен»,-деп жазады басылым марқұмның курстары әрі әріптесі Тамара Қайдалованың естелігін. Ұзаққа созылған науқастан көз жұмған Нұрлан Балғымбаев туралы өзге де естеліктерді газетте жарық көрген « Отдавая должное заслугам» деген мақаладан оқи аласыздар.