АСТАНА. KAZINFORM — Астанада өтіп жатқан дзюдодан Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирінің екінші жарыс күні, 10 мамырда Есет Қуанов (73 келі) қола медаль жеңіп алды. Қазақстандық балуан 3-орын үшін сайыста грузиялық Михейли Бахбахашвилиден басым түсті.
Есеи Қуанов қазірге дейін 2019, 2021 жылдарда Азия кубогында топ жарған.
Бұл — Қазақстан құрамасының қоржынындағы бесінші медаль.
Айта кетсек, жарыстың алғашқы күні, 9 мамырда Ғұсман Қырғызбаев (66 келі) пен Талғат Орынбасар (60 келі) күміс алса, Аман Бақытжан және Мағжан Шамшадин қола жүлдеге қол созды.
Бүгін сондай-ақ 81 келіге дейінгі салмақта Абылайхан Жұбаназар қола жүлде үшін күресетін болады.
Аталған жарыс нәтижесінде IJF ережелеріне сәйкес жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері арасында әлемдік және олимпиадалық рейтингілерде ұпайлар бөлінеді. Атап айтқанда, І орын үшін — 1 мың, күміс жүлдегерге — 700, ал қола медаль алғанға 500 ұпай есептеледі.
Елордадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтетін бұл додаға 48 елден 400-ден астам спортшы қатысады деп жоспарланған.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.