«Биыл президент сайлауын әділ әрі шынайы өткізе аламыз деп ойлаймын», - деп мәлім етті Р.Отынбаева.
Журналистердің әкімшілік ресурсты пайдалану мүмкіндігі мен ел премьер-министрі Алмазбек Атамбаевтың сайлау алдында демалысқа кетуі туралы қойған сауалдарына қатысты Қырғыз Респбуликасының президенті сайлау кезінде әкімшілік ресурсты пайдаланбауға болатын тәжірибе бар екендігін атап өтті.
«Өткен жылғы парламент сайлауы өте жоғары ұйымдастырушылық деңгейде және әкімшілік ресурсты пайдаланбай-ақ өтті. Бұны барлығы мойындаған. Премьер-Министр заңға сәйкес сайлауға қатысуы үшін демалысқа шығатынын ресми мәлім етті. Ал президенттікке үміткерлердің санына тоқталатын болсақ, менің ойымша, әрбір адам өз мүмкіндігін шынайы түрде бағалай алу үшін қатаң түрде шектеу қойылу керек. Және де өтініш білдірген кандидаттардың саны азайды деп ойлаймын, біреуі мемлекеттік тілден емтихан тапсыра алмаса, біреуі қажетті қол жинамауы ықтимал, бірінің қаржылай мүмкіндігі келмейді»,- дейді Р.Отынбаева.
Және де ол тәуелсіз Қырғызстан тарихында алғаш рет билікті бейбіт жолмен, заң аясында тапсыруға мүмкіндік туып отырғанын жеткізді.
«Мен жасырын жолмен ешқандай да амал ойлап, шиеленіс жасамаймын және өз орнымнан тыныш кетемін», - дейді ол.