Ешқандай өтемақы медаль мен әнұранымды айтуға татымайды - Ясмина Тоқсанбаева

АЛМАТЫ. KAZINFORM – ХХ жазғы Азия ойындарына қатысқан спортшылардың бір легі елге оралды.

Фото: Досбол Атажан/Kazinform

Алматыға ұшып келген спортшылардың қатарында марафондық спорттық жүрістен сынға түскен жеңіл атлет Ясмина Тоқсанбаева да бар.

Еске салайық, отандасымыз Айчи-Нагоя қаласында өткен Азия ойындарының жеңімпазы атанған болатын. Ол жеңіл атлетикадан әйелдер арасында спорттық жүрістен марафон қашықтығын 3 сағат 22 минут 20 секунда бағындырып, мәреге бірінші болып жетті.

Алайда кейін оның марафондық спорттық жүрістен көрсеткен нәтижесі жойылды. Оған спортшының аяқ киімі жарыста бекітілген тізімге сәйкес келмеуі себеп болды.

Кейін Қазақстанның жеңіл атлетика федерациясы Тоқсанбаева нәтижесі жойылғанымен, оған жеңіс үшін өтемақы толықтай төленетінін хабарлады.

Әуежайда спортшы бұл жағдайға байланысты пікір білдірді.

- Туризм және спорт министрлігінен бастап жеңіл атлетика федерациясына дейін осы бір қиын сәтте маған қолдау көрсетіп жатыр. Алда бүкіл спорттық өмірім тұр. Келесі жылы әлем чемпионатының медалі үшін күресемін. Бұл менің алғашқы Азиадам болды, - деді ол.

Спортшы аяқ киіміне қатысты сұрақтарға пікір білдірмеді. Алайда жарыстағы нәтижесінің қайта қаралуы туралы сұраққа жауап берді.

- Мен үміттеніп жүрген жоқпын, бірақ білетінім: бәрі де қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр, - деді ол.

Сонымен қатар Ясмина Тоқсанбаева алтын жүлдесінің нәтижесі жойылғанда қандай сезімде болғанын түсіндіріп, өзіне қолдау білдірген жандарға алғысын айтты.

- Осы жағдайды естігенде бөлмеде жатқан едім. Денем тырысып, қатты күйзелісте болдым. Қасымда дәрігер отырды. Іштей «бәрі менен теріс айналады, хейт болады» деген ойлар келді. Бірақ бәрі керісінше болды: тек Қазақстаннан ғана емес, Мексикадан, Қытайдан да маған адамдар қолдау білдіріп жатыр, - деді спортшы.

БАҚ өкілдері спортшыдан жарыстағы нәтижесіне байланысты өтемақы алғанын не алмағанын сұрады.

- Мен барлық ақшаны алтын медаль мен елімнің әнұранын орындауға айырбастайтын едім, - деп жауап берді ол.

Еске салайық, Азия ойындарының жүлдегерлері Алматыға оралды.