Ешкім мені тұтқындаған жоқ - Атырау облысының экс-әкімі Б. Рысқалиевтің күйеу баласы Р. Әлбақасов

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Халықаралық іздеуде жүрген Атырау облысының экс-әкімі Б. Рысқалиевтің күйеу баласы Рүстем Әлбақасов өзінің Швейцарияда ұсталғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды.

«Ешкім мені тұтқындаған жоқ. Менің Женевада еш шаруам жоқ, ол қалада шатағым да жоқ. Құдайға шүкір, аман-есенмін», - деді бейсенбі күні Р. Әлбақасов аталған ақпаратты бірінші таратқан атыраулық «Ақ Жайық» газетіне. Еске сала кетейік, Атырау облысы қаржы полициясында ҚазАқпарат тілшісіне бұл ақпаратты растамады, бірақ жоққа да шығармады. Тек Рүстем Әлбақасов өңірдің бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиевтің ҰҚТ-ға қатысты қылмыстық іс бойынша халықаралық іздеуде жүргенін, ал оның ісі облыстық сотта қаралуда екенін еске салумен шектелді.

Бұған дейін экс-әкім Б. Рысқалиевтің отбасына тиесілі 100 млн. доллар көлеміндегі қаржы Швейцария банктерінде анықталғаны ресми түрде хабарланған болатын. Ал Рүстем Әлбақасовтың сот төрелігінен қайда жасырынып жүргені бұған дейін хабарланған жоқ.