11:51, 10 Сәуір 2009
Ешкімге дағдарысты алға тартып, қарқынды төмендетуге және жұмысты нашарлатуға жол берілмейді ? Елбасы
АЛМАТЫ. Сәуірдің 10-ы. ҚазАқпарат /Дәурен Жайлин/ - Әлемдік дағдарыс жағдайына қарамастан, біз ел резервтерінің арқасында қалыпты өмір сүріп отырмыз. Бұл туралы кеше Алматыда қаланың даму мәселесі бойынша өткен кеңесте Елбасы Н.Назарбаев мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Қазақстанның осы күнге дейін не Халықаралық валюта қорынан, не Дүниежүзілік банктен несие сұрамағанын атап көрсеткен Елбасы: «Бізде дағдарыспен күресудің бағдарламасы жасалып отыр. Оған қоса, дағдарыстан кейінгі кезеңде атқарылуы керек жұмыстарға да қаржы бөлінді. Сондықтан да ешкімге дағдарысты алға тартып, қарқынды төмендетуге және жұмысты нашарлатуға жол берілмейді», - деп тоқталды. Ел Президенті өз сөзінде атап көрсеткендей, Алматыда Қазақстанның ең үлкен қаласы ретінде көп істер атқарылуда. «Қазіргі әкім Ахметжан Есімов өз орынбасарларымен, аудандық әкімдіктермен, департаменттерімен ың-шыңсыз нақты жұмыстар атқарып отыр. Көп істер жүзеге асуда және жаңалықтар енгізілуде. Осы тұрғыда мен бұл жұмыстарды қолдаймын және өз тарапымнан көмектесемін», - деді Н.Назарбаев