Ешкімді эвакуацияламаймыз — ҚР СІМ Лос-Анджелестегі отандастарға сақ болуды ескертті
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Лос-Анджелестегі ҚР азаматтарын эвакуациялау қажеттігі жоғын айтты.
— Лос-Анджелестегі жағдайға келетін болсақ, ол жерде ешқандай әскери қақтығыс болып жатқан жоқ. Әуежайлар штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Онда не үшін біреуді эвакуациялауымыз керек? Біздің азаматтарымыздан ешқандай өтініш түскен жоқ, — деді Айбек Смадияров.
Ресми өкіл АҚШ-та интернет, телеарналар тұрақты жұмыс істеп тұрғанын, әркім өзіне керек ақпаратқа еркін қол жеткізе алатынын атап өтті.
— Әркім қай жерде не болып жатқанын ғаламтордан біле алады. Біз әр адамға «бүйт-сүйт» деп отыратын күтушісі емеспіз ғой. Лос-Анджелеске бара жатқан адам қайда баратынын, ол жақта жағдай қалай екенін бір қарап алуы керек. Өз қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етілетінін ескеруі тиіс, - деді ол.
Еске салайық, 6 маусымның кешінде Калифорния штатының оңтүстігіндегі Лос-Анджелес қаласында иммиграциялық қызмет (ICE) жүргізген кең көлемді рейдтерден соң жаппай наразылық басталды. Бұл рейдтер АҚШ президенті Дональд Трамптың заңсыз иммиграциямен күрес науқаны аясында өткізіліп жатыр.
Сенбі күні қалада латынамерикалық тұрғындар көп тұратын аудандарда тұрғындар мен Федералды иммиграциялық және кедендік бақылау қызметі (ICE) агенттері арасында қақтығыс болды. ICE көз жасаурататын газ және резеңке таяқшалар қолданған.
8 маусым күні Трамп Лос-Анджелеске Ұлттық гвардия күштерін жіберді.
Соңғы мәліметтерге сәйкес, қала орталығында 56 адам ұсталған.