Айта кетерлігі, 2016 жылдың 28 қарашасы күні Жібек Мусинованы зорлады деген айыппен 4 азаматқа сот үкімі шыққан болатын. Атап айтқанда, Алмас Ермековті (1987 жылы туған) - 9,6 жылға, Ербол Ермековті (1994 жылы туған)- 8 жылға, Елтай Нұрболды (1992 жылы туған) - 9 жылға және Асхат Бектұрсынды (1994 жылы туған) 10 жылға бас бостандықтарынан айыру және жазаны жалпы режімдегі колонияда өтеу туралы қаулы етілді.
Ал бүгін Алматы облыстық сотының Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасында екі жақтан да түскен апелляциялық шағымдар қаралды. Атап айтқанда, сотталушылар өздеріне тағылған айыппен келіспей, жазаны жеңілдетуді сұрап апелляциялық шағым жасаса, өз кезегінде жәбірленуші - Жібек Мусинованың тарапы да тағайындалған жазаға қанағаттанбай, жазаны күшейту туралы апелляцияға берген еді. Екі тараптың апелляциялық шағымдарын қарастырған Алматы облыстық сотының Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы 2016 жылғы 28 қарашадағы үкімді өзгеріссіз қалдырды.
Айыпталушы тарап ендігі кезекте, апелляциялық шағымды ҚР Жоғарғы Сотына жолдамақ. «Сот үкімі әділ емес. Ол (Мусинова - ред.) таңертең өзін ұрды деп арызданған. Ал кешкісін ол өзін зорлады деп шағымданады. Басында ұрды, кешкісін зорлады дейді. Сол аралықта үйімізге келіп анасы мен ағасы ақша сұрады. Әрбір жігіт 10 мың доллардан және Алмастың көлігін, үйін беріңдер деді. Біз ақша бермегендіктен жазықсыз балалар осылай сотталып кетіп барады», - дейді сотталғандардың туысы Диана Амантаева.
Ал Жібек Мусинованың қорғаушысы Айман Умарова үкімнің өзгеріссіз қалғанына қанағаттанатынын білдіреді. «Біз ризамыз осы сот үкімімен. Расында, жазаларын қатаңдату үшін біз апелляциялық шағым жазған болатынбыз. Дегенмен, біздің және сотталушылардың шағымы қанағаттандырусыз қалды», - деді А. Умарова.