Есіл ауданының әкімдігінде жасы ұлғайғандар мен мүгедектерге үйде көмек көрсететін арнайы бөлім ашылды

None
АСТАНА. 29. қаңтар. ҚазАқпарат - Есіл ауданы әкімдігінің аппаратында мүгедектер мен мүгедек балаларға және қарияларға үйде көмек көрсететін арнайы қызмет бөлімі ашылды. Бұл туралы astana.kz сайтына Есіл ауданының әкімдігінен мәлім етті.

«Қазіргі кезде бөлімде меңгеруші мен консультант жұмыс істейді. Сондай-ақ, қызметкерлерді қызметке алу және қызмет көрсететін адамдарды анықтап, оларды есепке алу үшін Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына жолдау жұмыстары жүруде», - делінген хабарламада.

Үйде арнайы қызмет өздігінен жүріп-тұра алмайтын жалғыз басты мүгедектер мен зейнеткерлерге, сондай-ақ, 1,5-нан 18 жасқа дейінгі мүгедек балаларға көрсетіледі.

Аталған санатқа жататын азаматтарға: әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-құқықтық және әлеуметтік-медициналық көмектер көрсетіледі. Ол үшін әлеуметтік қызмет көрсету жөніндегі мамандар жасы ұлғайғандар мен мүгедектердің (әрқайсына аптасына 3 сағаттан) үйлеріне барады.

Аудандық әкімдіктен хабарлағанындай, бөлім жұмысының мақсаты мен міндеттері мүгедек балаларды оңтайландыру мен әлеуметтік бейімдеу, сондай-ақ, қариялар мен мүгедектерге жасы ұлғайған шақта барынша көмектесу болып табылады.