Есіл өзені мен оның тармақтарынан екі жүз тонна қоқыс жиналды
13:44, 23 Желтоқсан 2017
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың үш тоқсанында Есіл, Ақбұлақ пен Сарыбұлақ өзендерінің айдындарын тазарту жұмыстарының аясында 200 тоннаға жуық қоқыс жиналып, шығарылды деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы .
«Күтіп ұстау, дамыту және қауіпсіз пайдалану мақсатында Есіл өзенінің кеме жүретін бөлігінде жыл сайынғы су айдындарының түбін тазарту жұмыстары жүргізілді. Бұған 51 млн-нан астам теңге бөлінді», - деп мәлімдеді Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Мұса Танабаев.
Оның айтуынша, биыл Есіл өзенін, Сарыбұлақты қалпына келтіру жөніндегі жобалық-сметалық құжаттама дайындалып жатыр. Құрылыс-монтаждық жұмыстар 2018 жылы басталады деп күтілуде.