Есіл өзеніндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері талқыланды

АСТАНА. Шілденің 28-і. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация министрлігінде Есіл өзеніндегі кеме қатынасының қауіпсіздігі мәселелеріне қатысты кеңес болып өтті. Оның жұмысына «Астана қалалық жолаушылар көлігі және көлік жолдары басқармасы» ММ, «Есіл-Астана» МҚКК, «Кеме қатынасы тіркелімі» ММ, Астана қалалық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің су-құтқару стансасы, «Сарыарқа» көлік бақылауы аймақаралық инспекциясы бөлімшесінің өкілдері, кеме иелері мен қайықты жалға беру стансаларының қожайындары қатысты.

Кеңес барысында серуендік және шағын су көліктерінің пайдалану қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сонымен қатар Есіл өзеніндегі қайықтарды жалға беру стансаларының қызметі талқыланды.

Кеңес барысында сөз алған Көлік бақылауы комитетінің төрағасы Ерлан Жұмашев атап өткендей, Есіл өзеніндегі су көліктерін пайдаланудың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бірлескен және келісілген іс-әрекетті талап етеді. Бұл жерде тек Көлік бақылауы комитетінің инспекциясы үшін ғана емес, ол мәселе жергілікті атқарушы органдар, су-құтқару қызметі, кеме иелері мен оларды жалға берумен айналысатын тұлғалар үшін де маңызды болуы керек.

Кеңес барысында атап өтілгендей, Есіл өзеніндегі көңіл көтеруге арналған кемелер көп жағдайда апатты сәттер туғызып, жиі адам өліміне соқтыруда.

Осыған орай, Көлік бақылауы комитеті Есіл өзеніндегі шағын және көңіл көтеру кемелерінің қатынасына шектеу қою туралы ұсыныс айтты. Шектеу тек мемлекеттік органдардың қызметтік-жүргінші кемелері мен су-құтқару қызметінің кемелеріне ғана жүрмейді.

Осы мәселенің көкейкестілігіне орай, Астана қаласының әкімдігіне Шағын кемелерді пайдалану және олардың тұрақтары туралы жергілікті қолдану ережесін дайындау туралы тапсырма берілді. Ол ережеде Астана шеңберіндегі Есіл өзеніндегі шағын су құралдарын пайдаланудың қауіпсіздік мәселелері көрініс табуы тиіс.