Есіл өзеніндегі таңғажайып шоуды 35 мың көрермен тамашалайды деп күтілуде

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астананың 17 жылдығына орай шілденің 4-5 күндері Есіл өзенінің жағасында тұңғыш рет «Нұрлы Есіл» мультимедиялық-пиротехникалық таңғажайып шоу ұйымдастырылады.

Бұл қазіргі заманғы лазерлік және пиротехникалық технологияларды су бетінде ойнататын айрықша көрініс болмақ, деп хабарлайды astana.kz.

Есіл өзенінің үстіндегі жалпы ауданы 1000 текше метрлік сахнадағы симфониялық оркестр шоу әсерін арттыра түседі. Олар қазақтың халық әндері мен заманауи классикалық әуендерді орындайды.

Сахнаның айналасында биіктігі 12 метрді құрайтын субұрқақтар жасалып, жаңа лазерлік технологиялардың көмегімен жарқын бейнероликтер көрсетіледі.

Бұл көріністің соңы эстрадалық-симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен көздің жауын алар пиротехникалық шоуға ұласады.

Монтаждау жұмыстарының барлығы шілденің 1 дейін аяқталады деп күтілуде.

- Шара толықтай сахна үстінде өтеді. Шоу 40 минутқа жалғасып, соңғы 10 минутта пиротехникалық шоу музыкамен бірге астасады. Қазіргі кезде өңдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, 1 км қашықтықта «Фалькон» деп аталатын өте қуатты зенитті жарық құрылғылары орнатылады, - дейді «Нұрлы Есіл» шоуының продюсері Мәлік Хасенов.

Музыкалық сүйемелдеу авторы - танымал композитор Ренат Гайсин.

Астана қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Болат Мажағұловтың айтуынша, көрермендерге арналған LED экрандар орнатылмақ.

- Бір уақытта бұл шоуды 35 мыңға жуық көрермен тамашалай алады. Лазерлік шоу мен субұрқақтарды, сахнадағы көріністі қашықта тұрған халық арнайы экраннан көреді, - деді Б. Мажағұлов. Айта кетейік, «Нұрлы Есіл» мультимедиялық-пиротехникалық таңғажайып шоуы 4-5 шілде күндері сағат 22.30-да басталады.