Астанада 1 маусымнан бастап ресми түрде шомылу маусымы ашылды. Алайда күннің ысығанына қарамастан судың тереңдігіндегі температура әлі де демалушыларға қауіпті болуы мүмкін.
Құтқарушылар азаматтарға суда өте сақ болуға, алкогольдік ішімдік ішіп суға шомылмауға, терең жүзбеуге кеңес береді. Өзеннің терең тұсы әлі де салқын екен.
«Қазір судың үстіңгі температурасы шомылуға сай келеді, бірақ ыстық күндер уақытынан кеш басталғандықтан су толық жылымады. Сол себепті тұрғындарға сіңірлері тартылып қалмас үшін терең сүңгімеуге кеңес берер едім», - деді елордалық әкімдіктің медиа орталық тілшісіне ҚР ІІМ ТЖК орталық аймақтық аэромобильді жедел-құтқару отряды жетекшісінің орынбасары Бейсенбай Жексенов.
Ол тек арнайы құқтару қызметі бар, тиісті жабдықтармен қамтамасыз етілген орындармен рұқсат етілген жерлерде шомылу керектігін де айтты.
Шомылу үшін ересек адамдарға су температурасы 20-22 градус, ал ауа қысымы 25 градустан төмен болмауы керек. Бұдан бөлек, тоңғанша, яғни тісіңіз тісіңізге тиіп дірілдей бастасаңыз, тез арада судан шығу керек. Егер жүзу білмесеңіз, тек белуардан келген жерге дейін ғана барыңыз. Бастысы, балаларды үлкендердің қарауынсыз судың маңына жалғыз қалдыруға болмайды. Бұл қайғылы оқиғаларға әкелуі мүмкін.
«Шомылу маусымы ресми түрде ашылғаннан бергі 15 күнде үш адам суға кетті. Куәгерлердің айтуынша, олардың барлығы мас күйінде шомылған», - деп ескертеді Б.Жексенов.
Оның мәліметінше, жыл басынан бері Астана аумағында 7 адам суға кеткен. Оның біреуі ата-анасы қараусыз қалдырып кеткен бала.
Құтқарушылар елорда жағалауындағы сулар шомылуға жарамды деп сендіреді. Бұл жерлерде үнемі сүңгуірлер түбін тазалап тұрады. Тұрғындардың сүйікті орнына айналған қалалық жағажай бар.
Жағалауларда демалушылардың қауіпсіздігін құтқарушылар қадағалайды. Барлық жағажайларда күнделікті сағат 8:00-ден 22:00-ге дейін кезекшілік қойылған.
«ЭКСПО-ның өтуіне байланысты 1 маусымнан 10 қыркүйек аралығында біз күшейтілген жұмыс режіміне көштік. Барлық шаралар қолданылуда. Ақмола мен Қарағанды облыстарының құтқарушылары көмекке шақырылды», - деді Бейсенбай Жексенов.