Есілдегі түнгі серуен маусымның ортасында ашылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алдағы күндері Есіл өзенінде теплоходпен түнгі серуенге шығу маусымы басталады. Астананың айшықты жерлерін кемеде отырып, түнгі 1:00-ге дейін тамашалауға болады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.

«Биылғы маусымның ерекшелігі - маусым айының ортасында Есіл өзенінде түнгі серуенді ұйымдастыруды көздеп отырмыз. Бұл тасымалдың қосымша қуаты мен көлемін арттырады. Сәйкесінше, біздің кәсіпорынның қызметіне көп адам жүгіне алады», - деді медиа орталықтың тілшісіне берген сұхбатында «Есіл Астана» МКҚК директоры Қанат Алин. 

Сондай-ақ оның айтуынша, Есілдегі кеме маусымы 11 мамырда басталған. Қала тұрғындары мен қонақтарына сыйымдылығы әртүрлі 6 жолаушылар теплоходы қызмет етеді. Түнгі тасымал кезіндегі жайлылық пен қауіпсіздік мақсатында жолаушылар кемелерінде жарықтандыру құралдарымен жабдықталған арнайы навигациялық белгілер орнатылады. Билет бағасы өзгеріссіз бұрынғы қалпында қалды. Балалар үшін - 500, үлкендер үшін 1 000 теңге. Жалпы, кемедегі серуен қызметін шамамен 20 мың жолаушы пайдаланады. 

«Жақында жаңа теплоход сатып алдық. Жаңа тиегіш катерге «Батыр» деген атау бердік. Бұл біздің кеме паркіміздегі теплоходтардың ішіндегі ең мықтысы деуге болады. Ол өткен жылы сатып алынған баржды тіркеп сүйреуге мүмкіндік береді. Әрі экологиялық талаптарды сақтай отырып, Есіл өзені арнасын тазартуға мүмкіндік береді», - деді Қ.Алин.