Есім төренің кесенесі жаңғыртылды

ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат -  Алматы облысының  Алакөл ауданындағы Жыланды ауылында  Есім төренің кесенесі араға  100 жыл салып қайта жаңғырды.  Тозығы жеткен мазарды  жаңартуға мұрындық болған белгілі меценат - Бауыржан Оспанов. Кесенені қалпына келтіру меценаттың көптен  бері  ойлап жүрген жоспарының бірі болған.  Жүзеге асуына Елбасының  «Болашаққа бағдар: рухани  жаңғыру» мақаласы серпін берген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Есім төре 19 ғасырдың аяғы, 20 ғасырдың басында өмір сүрген. Лепсі өңірінде дәулетті болыс, қайырымды, жомарт азамат ретінде ел есінде қалған. «Алаш орда» қозғалысын қаржылай қолдап, қиын-қыстау заманда мұқтаж жандарға малын таратып, халықтың босып кетпеуіне үлес қосқан. 

«Есім төре алыстан келген мұқтаж жандардың өздеріне бір күннің ішінде 700 жылқыдай таратып берген. Қанша қиын заман болса да осы жерде қалып, өз халқына болысып, өмірі де осы жерде өтті. Осы жерде қайтыс болды», - дейді Есім төренің ұрпағы Темірбек Ахметов.

Есім төренің жылқысының көптігі соншалық, су ішуге келгенде Шынжылы өзені бірер сәтке ағысын тоқтатқан деседі. 

«Біз архивтегі дүниелерді  жинап жатырмыз. Енді ары қарай көп кітаптар, деректі фильмдер шығады. Соның ішінде Есім төрені, Мұхамеджан Тынышпаев туралы көптеген естеліктер жайлы естисіздер деп ойлаймын», - дейді меценат. 

Туған жер салалық бағдарламасы негізінде Есім төре кесенесінен бөлек  Алаштың 100 жылдығына орай Мұхамеджан Тынышпаевтың кітабы жарыққа шықпақ. Лепсі ауылында мешіт, Қабанбай ауылында спорт кешені салынып жатыр.