Есірткі сатумен айналысып келген такси жүргізушісі құрықталды

АЛМАТЫ. 21 желтоқсан. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Көп жылдық еңбек тәжірибесі бар 51 жастағы такси жүргізушісі нашақор ғана емес, есірткі сатумен де айналысып келген.

Нашақорды алматылық есірткі бизнесімен күрес басқармасының қызметкерлері операция барысында құрықтаған.

"Бұл уақытта Юнус есімді азамат жолаушылар тасымалдап жүрген. Көп уақыт бақылаудан кейін күдікті ұсталды. Оның көлігінен жалпы салмағы 3,5 келі гашиш табылды. Химиялық сараптамадан өткізген гашиштің героинмен араласқандығы айқындалды", -дейді Алматы қаласы ІІД-нің Есірткі бизнесімен күрес басқармасының бастығы, полиция майоры Денис Лоскутов.

Есірткімен күрес мамандары ендігі уақытта Юнустың тұрақты тұтынушылары мен Алматыға жеткізілетін наша көзін айқындауға күш жұмсауда. Олар жақын күндері Юнустың сыбайластарын құрықтайтындықтарына сенімді.

"Бұл азамат бұрында қылмыстық жауапқа тартылған. Қазір күдіктінің маңайындағы адамдарды тексерудеміз. Оның үстінен ҚР ҚК 259-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып отыр", -дейді майор Лоскутов.