деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Бас прокуратураға сілтеме жасап.
Ведомство баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, қылмыстық істі тергеу барысында заңның сақталуына жүргізілген тексерістің нәтижесінде, Батыс Қазақстан облысы Орал қаласының прокуратурасы облыстық ІІД криминалдық полиция басқармасының бұрынғы жедел уәкілінің үстінен ҚР Қылмыстық кодекстің 259-шы бабының 3-ші бөлігі «в,г» тармағы бойынша қозғалған қылмыстық істі сотқа тапсырған.
Мәселен, өткен жылғы маусымның 19-ы күні БҚО бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаментіне азамат «Иванов» хабарласып, ішіне сұр түсті ұнтақ зат салынған полимерлі орамасы бар сіріңке қорабын әкеліп берген. Азамат аталмыш зат «героин» болып табылатынын және оны криминалдық полиция басқармасының қызметкері 15000 теңгеге заңсыз сатқанын айтқан.
Баспасөз қызметінің айтуынша, сараптама нәтижесі «Ивановтың» берген заты - салмағы 5,55 грамм героин екендігін растаған.
2010 жылы қаңтардың 18-і күні Орал қалалық сотының үкімімен полиция қызметкері ҚР ҚК-нің 259-шы бабы 3-ші бөлігі «в,г» тармағы бойынша кінәлі деп табылып, мүлкін тәркілеумен қатар, 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Соттың үкімі заңды күшіне енгеннен кейін айыпталушы жазасын қатаң тәртіптегі түзеу мекемесінде өтейтін болады.