Есірткіге еліккендердің ентігін басатын бағдарлама қабылданды
Аталған министрліктің басшысы Қалмұханбет Қасымовтың атап өтуінше, бұған дейін 2009-2012 жылдарға арналып қабылданған бағдарлама өзінің миссиясын тәмамдады. Нәтижесі жаман емес, үш жылда есірткі тұтынушылар есебінде тұрғандардың саны 8,6 пайызға, оның ішінде кәмелетке толмағандардың саны 34 пайызға азайды. 22860 есірткі қылмысы әшкере болып, заңсыз айналымнан 90 тонна әртүрлі есірткі заттары, оның ішінде 1 тонна 36 келі героин тәркіленді. Дегенмен, елдегі есірткі ахуалы ушығып тұр. Оны басқа емес, Ішкі істер министрінің өзі мойындап отыр. «Толықтай алғанда соңғы үш жылда есірткі тұтыну көрсеткішінің төмендеуі байқалғандығына қарамастан елдегі есірткі ахуалы шиеленісіп тұр»,- деді ол.
Міне, осыған әрі алғашқы арнайы бағдарламаның аяқталуына орай Ішкі істер министрлігі әзірлеген жаңа бағдарлама 102 іс-шараны қамтитын негізгі 3 бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде нашақорлықтың алдын алу, оларды емдеу жүйесін жетілдіру және есірткіге тәуелді азаматтардың оңалу жүйесін дамыту көзделеді. Оның аясында жастар мен жасөспірімдер есірткіге бой алдырмау үшін тегін спорттық секциялар, аула клубтарын, үйірмелер ұйымдастыру жүзеге асырылмақ. Осыған орай Ішкі істер министрлігі үкіметтік емес ұйымдардың бастамасымен бағдарлама іс-шаралары жоспарларының бірқатар тармақтарын қайта қарады. Мәселен, бастапқыда нашақорлықпен күрестің халықаралық күніне орай акция өткізуге қарастырылған 39,3 млн. теңге қаржы құқық қорғау органдарында есепте тұрған кәмелетке толмаған жасөспірімдерді тегін спорттық секцияларға тартуға жұмсалады. «Бұл бастаманы қазірдің өзінде Астана қаласы мен Шығыс Қазақстан облысының әкімдіктері қолдап, жергілікті деңгейде қаржы бөлмек. Атап айтқанда, Астана қаласының әкімдігі 2012-2014 жылдары аула клубтарын дамытуға 45 млн. теңге береді. Ал Шығыс Қазақстан облысы аула клубтарын 7,5 млн. теңгеге қаржыландырады», - деді Қ.Қасымов.
Министрдің айтуынша, бағдарламаның екінші бөлімінде есірткінің заңсыз айналымының жолын кесу және оның елге келу арналарына тосқауыл қою көзделеді. Бұл бағыт бағдарламаның өзегі десек те болады, сондықтан да оған 4 млрд. 123 млн. теңге қаржы жұмсалмақ. Жалпы есірткі тасымалының жолын кесу үшін еліміздің оңтүстік шекарасын инженерлік құрылғылармен нығайтып, бақылау жүйесінің техникаларымен жабдықтау қарастырылады. Жаңа бағдарлама аясында бас бостандығынан айыру жазасының балама жолдарын енгізу арқылы заңнаманы одар әрі ізгілендіру көзделуде. «Нашақорды ұстап алып соттау емес, оған есірткіге тәуелділік шеңберін бұзып шығуға мүмкіндік беру маңызды. Жазалаудың балама түрлерінің бірі - егерде нашақор қылмысты алғаш рет жасаса және өз еркімен емделуге ниет танытып, медициналық оңалтудан өтсе, жазаны кейінге шегеруге болар еді. Бағдарламада бұл заң жобасын 2012 жылдың 1 тоқсанында әзірлеу қарастырылған», - деді ІІМ басшысы.
Үшінші бөлімде есірткінің заңсыз айналымының жолын кесу және оны бақылау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту қарастырылады. ҰҚШҰ, ШЫҰ, ТМД сынды халықаралық ұйымдар мен құрылымдардың әлеуетін пайдаланып, есірткіге бақылау жасау саласындағы өңірлік ынтымақтастықты дамыту басты мақсат болады. Бұл ретте Ауғанстаннан елімізге жеткізілетін есірткі контрабандасымен күресті жандандыруға негізгі күш-жігер жұмылдырылады. «Бағдарламаның бюджеті 6 млрд. 167 млн. теңгені құрап, оның негізгі бөлігі оңтүстік шекараны нығайтуға бағытталатын болады», - деді министр.
Қ.Қасымовтың баяндамасын мұқият тыңдаған Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов пікір білмек болып, Сыртқы істер министрі Ержан Қазыхановқа қайырылған еді. өз кезегінде ол аталған бағдарламаға бөлінетін қаржының бір бөлігін Есірткі, психотропты заттардың және олардың прекурсорларының заңсыз айналымымен күрес жөніндегі орталыққа беруге ұсыныс жасады. «Біз бұл орталықты Алматыда ашу үшін ұзақ күрестік, қаржы, ғимарат бөлінді және есірткіге қарсы бағытталған бағдарламаға бөлінетін қаржының бір бөлігін Есірткі, психотропты заттардың және олардың прекурсорларының заңсыз айналымымен күрес жөніндегі орталық қызметіне бағыттау қажет. Өйткені ол өзінің тиімділігін көрсетіп отыр», - деді ол.
БҰҰ мәліметтеріне сілтеме жасаған оның айтуынша, Ауғанстаннан солтүстік маршрут бойынша есірткінің 25 пайызы, яғни шамамен 100 тонна героин тасымалданады. Елімізде оның тек 4-5 пайызы ғана тәркіленеді. тағы 25 пайыз есірткі Иран және Пәкістан маршруттары арқылы тасымалданады. Бірақ БҰҰ мәліметтеріне сәйкес, Иран мен Пәкістанда осы есірткінің 20 пайызына дейін көлемі тәркіленеді екен. «Ал бізде неліктен оның тек 5 пайызға ғана ұсталатындығы түсініксіз», - деді министр.
Осымен пікір білу рәсімін түйіндеген К.Мәсімов бұл проблемадан ел азаматтарын қорғау қажеттігіне баса назар аудара келе өзінің бірінші орынбасары С.Ахметовке: «Серік Нығметұлы, ең алдымен жеке жиынға дайындалу керек, одан кейін мүмкін болса Үкімет отырысын өткізерміз», - деп тапсырма жүктеп, бағдарламаны Министрлер Кабинеті мүшелерінің дауысына салды. Олар бірауыздан бағдарламаны мақұлдады.
Бағдарлама пысықтауды қажет етеді
Осы отырыс барысында қоғам үшін маңызды тағы бір құжатқа енгізілген толықтырулар мақұлдануы қажет болатын. Дегенмен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасына енгізіліп отырған өзгертулер Үкімет басшысының көңілінен шықпаса керек. Сондықтан ол оны келесі аптаға дейін тағы бір мәрте пысықтауды құжатты таныстырған Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің басшысы Серік Нокинге тапсырды.
Десекте, құжатта көзделген өзгерістерге бір тоқталып өтсек. Сонымен агенттік бағдарламаға алты өзгеріс енгізуді көздеген. Біріншіден, 2013 жылдан бастап тұрғын үйлерге жасалатын жөндеуді республикалық бюджет трансферті есебінен өкілетті ұйымды капиталдандыру негізінде жүзеге асыру ұсынылады. Екіншіден, пәтердің жөндеу жұмыстары жүргізілген 1 шаршы метр үшін төлем көлемі 49 теңге болып бекітіледі. Үшіншіден, 2012 жылы пәтер иелерін бастапқы жарнадан босату ұсынылады. Ал бұдан кейінгі жылдары бастапқы қаржыландырудың үдемелі көлемін енгізу көзделеді. Яғни 2013 жылы - 3 пайыз, 2014 жылы - 5 пайыз, 2015 жылдан бастап 7 пайыздан кем болмауы тиіс. Төртіншіден, үйді жөндеу жұмыстарына қатысушылардың жауапкершілігін арттыру үшін барлық тараптардың іс-әрекеттері регламенттеледі. Бесіншіден, жертөлелерді, үйлердің кіреберістерін, шатыр мен үй қабырғасын жөндеу барысында міндетті түрде жылу энергиясы мен автоматтандырылған жылу тұтынуды реттеу жүйесінің жалпы үйлік есептеуіш құралы орнатылады. Алтыншыдан, әкімдіктерге тұрғындар тарапынан өтініштер көптеп түссе, қайтарымды негізде жергілікті бюджет есебінен үйлерді жөндеуге қаржы беру көзделеді.
Қазақстандық қамту көлемі қарын аштырады
Қазақстандық қамтуды, яғни тауарларды, қызметтер мен жұмыстарды сатып алудағы отандық компаниялар өнімінің үлесін арттыру экономиканы жаңғыртудың өте маңызды элементі болып табылады. Мұны Елбасы Н.Назарбаев та жиі көтеріп, шетелдік компанияларды да қазақстандық қамту үлесін арттыруға белсенді қатысуға шақырып келеді. Бұл бағыттағы Үкіметтің атқарып жатқан жұмыстары да ұшан-теңіз. Дегенмен, осыншама назар аударылғанына қарамастан қазақстандық қамтудың қадамы қарыштар емес. Оған осы аптада Парламент депутаттарының, министрліктер мен ведомствоның өкілдерін басын қосып, қазақстандық қамту мәселесін дамытуға арналған жиын өткізген ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Серік Ахметовтің сөздері дәлел. «Экономикалық даму және сауда министрлігінің мәліметтері бойынша, өткен жылы қазақстандық қамту бойынша мақсатты көрсеткіштерді әсіресе, біздің тау-кен өнеркәсібінің, мұнайгаз секторының және «Самұрық-Қазына» қорының компаниялар тобына кіретін жер қойнауын пайдаланушылар толық көлемде орындаған жоқ. Ұлттық компаниялар мен холдингтердің сатып алуларындағы қазақстандық қамту үлесі тауарлар бойынша жоспарланған 53 пайыздың 27,1 пайызын, жұмыстар мен қызметтер бойынша жоспарланған 82 пайыздың 65 пайызын ғана құрады», - деді ол.
Ғаламтор бетіндегі ақпараттарға зер салсақ, оған тағы бір мәрте көзімізді жеткізуге болады. Бір ғана мысал, таяуда «Самұрық Қазына» әл-ауқат қорының кеңейтілген алқа мәжілісінде қор басшысы Өмірзақ Шөкеев Ұлттық компаниялардың тауар мен қызметтерді сатып алу кезінде қазақстандық қамтуды бұрынғы 70 пайыздық деңгейге жеткізуі керектігін нықтай айтқан еді. Оның алға тартқан деректеріне қарағанда, 2010 жылы «Самұрық Қазына» қорына қарасты Ұлттық компаниялардың сатып алулар саласындағы үлесі екі есе өсім көрсетіп, 50 пайызды құраған. Ал өткен жылы бұл көрсеткіш бес-ақ пайызға өскен. Бір қызығы 2009 жылы қор құрамындағы компаниялар тобының қазақстандық қамтудағы үлесі 70 пайыз шамасында болған.
Демек, елміздің ішкі жалпы өнімінің 40 пайызға жуығын беретін 400-ден астам негізгі кәсіпорындардың басын қосып отырған қорға қазақстандық қамту көлемін арттыруға нақты тапсырма жүктеу керек-ақ сияқты.