Есірткіге қарсы күрес күніне орай Алматыда бірқатар іс-шаралар өтті

АЛМАТЫ. Маусымның 29-ы. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Ағымдағы жылғы маусымның 26-да АҚШ Халықаралық дамыту агенттігінің (USAID) қаржылай қолдауымен «Аутрич денсаулық қамқоры» бағдарламасының шеңберінде жастар арасында есірткіге қарсы күрес шаралары өткізілді.

Шара барысында қатысушыларға АҚТҚ жұқпасының таралуы жайында әңгімеленіп, ҚР және соның ішінде, Алматы қаласында есірткі қолдану туралы, есірткілік заттарды қолдану мен таратудың құқықтық аспектілері туралы ақпарат берілді. Сонымен қатар «Футбол есірткіге қарсы» спорттық сайысы ұйымдастырылды. Аталған іс-шараның шеңберінде қалалық наркологиялық медициналық-әлеуметтік түзету орталығы оңалту курсынан өтуші есірткіқұмарлардың арасында "Менің есірткісіз өмірім" тақырыбына сурет байқауы ұйымдастырылып, оған қосымша ақпараттық-білім беру шарасы өткізілді. Оған Қазақстан Республикасындағы АҚШ Бас консульдығы басшысының міндетін атқарушы Роберт Лейн, Республикалық ЖҚТБ-ның алдын алу және оған қарсы күрес орталығының бас директоры Владимир Слесарев, АҚШ Халықаралық дамыту агенттігі (USAID) денсаулық сақтау және білім беру бөлімінің директоры Кристиан Баррат, және Орталық Азиядағы PSI аймақтық өкілі, «Аутрич денсаулық күзетінде» бағдарламасының жетекшісі Лейла Көшенова қатысты.