5-9 қыркүйек аралығында Шу алқабынан Қазақстан өңірлеріне есірткі заттарын өткізуге қарсы іс-қимыл бойынша ауқымды республикалық акция өтті. «Дәрмек» жедел алдын алу іс-шарасы барысында полицейлер Жамбыл облысындағы 30 дәріхана, 2 емхана, 3 емдеу мекемесі, 1 ұйым мен 1 зауытты тексерді.
«Үш күн ішінде құқық қорғау органдарының қызметкерлері есірткіге байланысты 33 құқық бұзушылық фактісін анықтады. Оның ішінде бес факті – қылмыстық. Анықталған фактілердің көпшілігі – қоғамдық орындарда есірткіні пайдалану, заңсыз сақтау және контрабанда. Әкімшілік құқық бұзушылықтар көбінесе фармацевтикалық қызмет ережелерін және есірткі айналымы саласындағы техникалық талаптарды бұзу бойынша жасалған», - деді Жамбыл облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция полковнигі Асқар Жұмабеков.
Айтуынша, Жамбыл облысындағы зауыттардың бірінен тексеріс барысында 4 тонна күкірт қышқылы прекурсоры табылып, тәркіленген. Бұл – есірткінің ауыр түрлерін өндіруге қажетті қрамдас зат.
Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 427-бабы бойынша хаттама толтырылды.
Жедел алдын алу іс-шарасының үш күні ішінде заңсыз айналымнан 32 келіге жуық түрлі есірткі заттары тәркіленді.