Nomad MMA – қазақша үлгідегі аралас жекпе-жек спорты, онда спортшылар жұдырықпен соғу және тебу әдістерін, сондай-ақ күрес әдістерін қолдана отырып, толық байланыста жарысады. Турнирге 10 мен 16 жас аралығындағы 154 жас спортшы қатысып, 18 салмақ және жас санатында жүлделі орындар үшін күресті. Турнирге Алматы, Алматы облысы және Жетісу өңірінен жас балуандар қатысты. Жеңімпаздар ұйымдастырушылар мен серіктестер тарапынан сыйлықтар мен марапаттарға ие болды.
Турнирге әлемдік деңгейдегі жарыстарды бағалауда үлкен тәжірибесі бар Дүниежүзілік WFN федерациясының (World Federation Nomad MMA) төрешілері арнайы шақырылды.
«Есірткі тұтыну – аса қауіпті әлеуметтік ауру. Мемлекет басшысы есірткіні өндіру мен таратуға қарсы күрестің ұлттық сипат алуы керектігін қадап айтып отыр», - деді ММА аралас жекпе-жек федерациясының вице-президенті Гаджи Гаджиев.
Оның айтуынша, қазір нашақорлықтың алдын алу және нашақорлар санын азайту үшін қоғамның күш-жігерін біріктіру маңызды.
«Біздің турнир жасөспірімдер мен жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға да өз үлесін қосады деп ойлаймыз», - дейді Nomad MMA федерациясының Алматы қаласы бойынша филиалының жетекшісі Микаил Надиров.
Турнирді ұйымдастырушы Nomad MMA республикалық федерациясының Алматы қаласындағы филиалы болды. Турнирге Алматы қалалық полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасы да қолдау көрсетті.