Есірткімен күрес бағдарламасына бөлінетін қаржының бір бөлігін Есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі орталыққа беру қажет - Е.Қазыханов

АСТАНА. 3 сәуір. ҚазАқпарат - ҚР Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов 2012-2016 жылдарға арналған нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің мемлекеттік жаңа бағдарламасына бөлінетін қаржының бір бөлгін

Есірткі, психотропты заттардың және олардың прекурсорларының заңсыз айналымымен күрес жөніндегі орталыққа бөлуді ұсынды. Бұл туралы ол бүгін Үкімет отырсында аталған бағдарлама таныстырылғаннан кейін мәлім етті.

«Біз бұл орталықты Алматыда ашу үшін ұзақ күрестік, қаржы, ғимарат бөлінді және есірткіге қарсы бағытталған бағдарламаға бөлінетін қаржының бір бөлігін Есірткі, психотропты заттардың және олардың прекурсорларының заңсыз айналымымен күрес жөніндегі орталық қызметіне бағыттау қажет. Өйткені ол өзінің тиімділігін көрсетіп отыр», - деді ол.

БҰҰ мәліметтеріне сілтеме жасаған оның айтуынша, Ауғанстаннан солтүстік маршрут бойынша есірткінің 25 пайызы, яғни шамамен 100 тонна героин тасымалданады. Елімізде оның тек 4-5 пайызы ғана тәркіленеді. «Тағы 25 пайыз есірткі Иран және Пәкістан маршруттары арқылы тансымалданады. Бірақ БҰҰ мәліметтеріне сәйкес, Иран мен Пәкістанда осы есірткінің 20 пайызына дейін көлемі тәркіленеді екен. Ал бізде неліктен оның тек 5 пайызға ғана ұсталатындығы түсініксіз», - деді министр.