Бұл туралы Ақтөбе облыстық ІІД баспасөз қызметі хабарлады.
Аталмыш шараның басты мақсаты - өскелең ұрпақты отан сүйгіштікке тәрбиелеу, жасөспірімдерді есірткінің адам ағзасына зиян екендігін түсіндіру, салауатты өмір салтын сақтау, балалардың бос уақытын текке өткізбей спортпен шұғылдануына мүмкіндік туғызу. Бір ескеретін жайт, қазіргі таңда еліміз бойынша есірткіге тәуелді 55 мың адам болса, өкінішке орай, оның ішінде әйелдер мен жасөспірімдердің бары жасырын емес. Жыл басынан бері Ақтөбе облысының наркологиялық диспансеріндегі арнайы есепте 1449 нашақор тіркелсе, оның 178-і әйелдер. Ғасыр дертіне айналып отырған нашақорлықпен барлық қоғам болып біріге күрескенде ғана есірткіні ауыздықтауға болатынын ескерген жөн.
Ақтөбе облысының ІІД Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының өкілдері шараға қатысушыларға есірткіні пайдалану өте қауіпті екенін және қандай қатерге әкеп соғатынын толық баяндады. Сонымен қатар, ҚР ІІМ Астана қаласынан басылып шығатын «Наркопост», «Есірткісіз болашақ» ақпараттық-насихаттық журналдары таратылды. Спорттық шараға жетім балалар, нашар тәртібіне байланысты полиция бөлімінде арнайы есепте тіркеуде тұрған кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер және спорт секцияларына қатысып жүрген еліміздің болашақ спортшы балалары қатысты. Таэквондодан ұйымдастырылған жарыста 150 -ден астам жасөспірім өз бақтарын сынап, жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы грамоталар, бағалы сыйлықтармен марапатталды.