Ескі қаладан Нафталанға дейін: Әзербайжан қазақстандықтарды несімен қызықтырады
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Бір жылда Қазақстаннан Әзербайжанға баратын туристер саны шамамен 20% артты. Осы елдің гид сертификатын ресми алған алғашқы қазақстандық Жанар Аменова Kazinform агенттігіне берген эксклюзивті сұхбатында отандық саяхатшыларды Әзербайжан несімен қызықтыратындығы туралы айтып берді.
— Сіз Әзербайжанда алғашқы сертификатталған қазақстандық гид ретінде бір жылдан бері жұмыс істеп келесіз. Бұл мамандыққа қалай келдіңіз және осы уақыт ішінде кәсіпте сізді не қатты таңғалдырды?
— Бір жыл бұрын мен Әзербайжанға жай ғана саяхаттап келдім де, шыны керек, бұл елге алғашқы күннен-ақ ғашық болдым. Мұнда ерекше бір энергия бар: халқы, атмосфера, Баку көшелері, көне қалалар — мұның бәрі мені бірден баурап алды.
Жарты жыл бұрын мен Әзербайжанда гид сертификатын ресми алған алғашқы қазақстандық атандым. Бұл мен үшін күтпеген жағдай болды. Себебі бұған дейін әскери салада қызмет еттім, бір күні экскурсия жүргізіп, туристерге елдің мәдениеті мен тарихын таныстырамын деп мүлде ойламаған едім. Бірақ дәл осы қарама-қайшылық менің таңдауымды одан сайын қызықты ете түсті.
Мені туристердің сан алуандығы қатты таңғалдырады. Бір топта мектеп оқушылары да, ересектер де, отбасылар да, тіпті шетелге алғаш рет шыққандар да болуы мүмкін. Олар көздері жанып, қызығушылық танытқанда, сұрақ жаудырып, күліп, суретке түскенде — еңбектің бекер емес екенін түсінесің. Сол сәттер мені әрдайым шабыттандырады, өз орнымды тапқанымды сезінемін.
— Соңғы бір жылда қазақстандық саяхатшылардың Әзербайжанға көзқарасы өзгерді ме? Туристер саны артқанын байқайсыз ба, нақты деректер немесе тәжірибеңізден мысал келтіре аласыз ба?
— Ия, соңғы бір жылда қазақстандықтардың Әзербайжанға деген қызығушылығы айтарлықтай артқанын байқаймын. Туристер бұл бағытты жиі таңдайтын болған, әрі елде ұзағырақ уақыт болуға тырысады. Әсіресе Ескі қала мен Бакудің сәулеті көпшілікті қатты таңғалдырады. Көне ғимараттарды алғаш көргенде: «Бұл елде мұндай әсем архитектура бар деп ойламаппыз, Еуропада жүргендей әсер алдық» деп таңданысын жасыра алмай жатады.
Туристердің басым бөлігі жаз мезгілінде келеді. Олар теңізге шомылып, табиғатты және тарихи көрнекті орындарды тамашалайды. Сонымен қатар 4–5 күндік қысқа турлар да сұранысқа ие, әсіресе мереке күндері. Ұшу уақытының қысқалығы мұндай сапарларды ыңғайлы етеді.
Мерекелік кезеңдерді ерекше атап өткім келеді. Мысалы, Әзербайжанда Наурыз мейрамы өте әсерлі өтеді: ұлттық музыка, билер, дәстүрлі тағамдар, көктемнің ерекше лебі сезіледі. Қазақстандық туристер үшін бұл айрықша қызық. Себебі дәстүрлі мереке мүлде басқа қырынан ашылады. Сондықтан көпшілік дәл осы кезеңге сапарын жоспарлайды.
2025 жылы Әзербайжанға Қазақстаннан 87 800-ден астам турист келді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 20% артық. Қазақстандықтар шетелдік туристердің жалпы санының шамамен 4% алады. Бұл өсімді мен әрбір экскурсиялық топтан анық көремін — елге деген қызығушылық күн санап артып келеді.
Қазір туристердің көбі елге алдын ала дайындалып келеді. Әлеуметтік желілерден видео, сторис, фотосуреттер көріп, бірден нақты орындар, ескерткіштер туралы сұрайды. Осы шынайы қызығушылық әр туристер тобынан сезіледі. Олардың саяхаттан алған әсері мені де шабыттандырады.
— Бүгінгі күні Қазақстаннан келген туристер көбінесе қандай турларды таңдайды? Оларға не қызықты — тарих, гастрономия, табиғат, әлде заманауи Баку ма?
— Туристер Азербайжанды барлық қырынан көру үшін әртүрлі бағыттарды таңдайды.
Көпшілікті тарихи экскурсиялар — Ескі қала, қамалдар, ескерткіштер, тар көшелер қызықтырады. Дегенмен, қазіргі Бакуды көрсететін маршруттар да өте танымал, оның ішінде: Таулы саябақ, жағалау, мұнаралар да бар, мұның бәрі қаланың тарихи бөлімімен қызықты контраст жасайды.
Классикалық бағыттардан бөлек, белгілі бір оқиғаға негізделген туризмге қызығушылық өсіп келеді. Әлемдік жұлдыздардың концерттері, Бакудағы Формула-1 Гран-приі — қазақстандық туристер тек демалуға ғана емес, есте қаларлық әсер алу үшін де келеді.
Туристер табиғатты да жақсы көреді, олардың ішінде: таулар, ормандар, сарқырамалар, шай өсіру плантациялары, мандарин мен апельсин өсетін бақтар бар. Гастрономиялық маршруттар да ерекше қызықтырады: жергілікті тағамдар — кутяб, пахлава, кәуап, маусымдық жемістер, анардың дәмін тату. Әсіресе күзде өтетін анар фестивалі өте танымал.
Тарихи және табиғи бағыттар да сұранысқа ие. Мысалы, Атешгях — от ғибадатханасы және Янардаг — бірнеше ғасыр бойы жалындап тұратын мәңгілік от. Сондай-ақ, әлемдегі алғашқы мұнай осында ашылған, бұл жерлер ежелгі адамдардың табиғи ресурстарды қалай пайдаланғанын көрсетеді. Әзербайжан Ұлы Жібек жолының бойында жатып, түрлі елдердің мәдениеттерін және сауда жолдарын қосып тұрған.
Әрине, медициналық туризмге де қызығушылық артып келеді. Мысалы, Нафталан — мұнаймен емдейтін әлемдегі бірегей жер, мұнда тері мен буын ауруларына көмектеседі. Нахичеваньда демікпеден емделуге болады, ал Шахдаг тауының Трускавец санаторийінде озонотерапия және басқа да процедуралар ұсынылады. Туристер мұнда сапарды денсаулық пайдалы етуге болатынын біледі, сондықтан бұл елді одан сайын тартымды етеді.
— Сізге экскурсияларды Қазақстаннан келген туристерге бейімдеу қажет пе? Туристер көбінесе қандай сұрақтар қояды және оларды Әзербайжанда не таңғалдыруы мүмкін?
— Иә, ақпаратты түсінікті әрі қызықты ету үшін Қазақстаннан келген қонақтарға экскурсияны жиі бейімдеуге тура келіп жатады. Себебі мен өзіміздің менталитетті жақсы білемін, оларға не қызық болатынын алдын ала болжамдай аламын.
Әзербайжандағы Қазақстан Елшілігінің қолдауы өте көмектеседі. Елшілік үлкен топтардың, әсіресе балалар турларын қауіпсіз әрі жайлы ету үшін жағдай жасап келеді. Сондай-ақ, олар мәдени іс-шаралар ұйымдастырады, ол арқылы әзербайжандар Қазақстанмен танысады. Мысалы, жазда «Қазақ киносы күндері» өтті — бұл іс-шара жергілікті аудиторияның назарын аударып, көпшіліктің Қазақстанға қызығушылығын арттырды. Мұндай бастамалар шетелдіктерді елімізге саяхаттап баруға, көрікті жерлерін аралап, оның мәдениеті және салт-дәстүрімен тереңірек танысуға шабыт береді.
Көбіне туристерді Бакудың және елдің тарихы, ұлттық дәстүрлері, асханасы, табиғаты, медициналық туризм мен маусымдық іс-шаралар қызықтырады. Олар Ескі қала, Таулы саябақ, шай плантациялары, Атешгях, Янардаг секілді ерекше жерлері туралы білгісі каеледі.
Кейде менің экскурсияма басқа елдерден келген туристер де қосылады. Олар Қазақстан жайында да сұрап-біліп, қызығушылық танытып, келесі сапарларын біздің елге жоспарлап жатады. Мен оларға Қазақстанның көрікті жерлерін, табиғатын, мәдениетін және дәстүрлерін қуана айтып беремін. Мұндай кездесулер туризмнің қаншалықты қызықты және әртүрлі елдерден келген адамдармен тәжірибе бөлісудің қаншалықты жағымды екенін көрсетеді. Гид мамандығы шынымен керемет — ол адамдармен танысып, әлемді танып-білуге мүмкіндік береді.
— Биыл туристердің көңіл-күйі мен сіздің жұмысыңыздың ерекшелігін жақсы көрсететін есте қаларлық қызықты жайттар болды ма?
— Иә, әнші Роза Зергерлимен байланысты өте қызықты сәт болды. Туристермен дәмханада отырғанмын, бір кезде оның әнін қойды, мен билей бастадым, әнші жақын маңда тұрған екен. Роза келіп, амандасты, бұл сәт Малахов бағдарламасында эфирден көрсетілді.
Көктемде біз Розамен ерекше тур ұйымдастырмақпыз. Әнші біздің қазақстандықтарға өте танымал. Ол өзі экскурсия жүргізіп, Әзербайжанды, мәдениеті мен көрікті жерлерін, қаланы таныстырады. Бұл музыка, мәдениет жайында біліп, жаңа әсер алғысы келетін туристерге ерекше есте қаларлық оқиға болады.
Нафталанға медициналық туризммен келетін қонақтар процедуралардан кейін жағдайының қалай жақсарғанын айтып, бөлісіп жатады. Жұмысымды осындай сәттер үшін жақсы көремін.
Экскурсия шынайы эмоциялар мен жақсы әсер қалдырады, ал туристер қайта келгісі келетін ниетпен тарасады.