Бұл туралы «Жасыл даму» басқарма төрағасының орынбасары Дархан Даутов ОКҚ-да өткен брифингте мәлімдеді. Оның айтуынша, жаңа тетіктер бұрын анықталған заңбұзушылықтарды ескере отырып әзірленіп жатыр. Бұл делдалдық және сыбайлас жемқорлық схемаларына жол бермеу үшін қажет. Жаңартылған бағдарламаның негізгі қағидаты — көлігін утилизацияға тапсырған жеке тұлғаларды, яғни көлік иелерін тікелей пайда алушы ету.
— Қазіргі уақытта қағидалар бар, алайда біз оларды жетілдіру жұмыстарын жалғастырып жатырмыз. Басты мақсат — сыбайлас жемқорлыққа қатысты кез келген тәуекелді болдырмау. Қазір утилизациямен айналысатын компаниялармен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Келіссөздер аяқталып, қағидалар толықтырылып болған соң, бұл ақпарат бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады, — деді Дархан Даутов.
Ол 2016 жылдан бастап пайдаланудан шыққан автокөліктер мен ауыл шаруашылығы техникасын жинау, тасымалдау, қайта өңдеу және утилизациялау жұмыстарымен «Recycle Company» ЖШС айналысқанын еске салды.
2022 жылдың басында компанияның бұрынғы кейбір қызметкерлеріне қатысты тиісті қызметтердің тарифтерінің негізділігіне байланысты сотқа дейінгі тергеу басталған. Тергеу қорытындысы бойынша айыптау үкімі шығарылып, заңды күшіне енген.
Атап айтқанда, жалған құжаттарды пайдаланып, бір көлікті әртүрлі автокөлік ретінде бірнеше рет утилизацияға тапсыру деректері анықталған. Сонымен қатар делдалдар мәселесі де болған: бір адамның утилизацияға 1 700-ден астам көлік тапсырғаны белгілі болды.
2022 жылдың басынан бастап ӨКМ операторы болып «Жасыл даму» АҚ белгіленді.
Осыдан бұрын Атырау облысының коммуналдық меншігіндегі тозығы жеткен 96 көлік жекешелендіру үшін электрондық аукционға шығарылғанын жазғанбыз.