«Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындаумен қатар, қоғам жиі көтеретін мәселелер шешіледі. Мәселен, жаңа Салық кодексінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы төлемдерін жеке табыс салығынан босату жөніндегі норма көзделген. Сондай-ақ, қолдануы 10 жылдан асқан автомобильдер үшін салық сомасы 30 пайызға, 20 жылдан асқан автомобильдер үшін 50 пайызға төмендетілетін болады», - деді Азамат Әмрин.
Сонымен қатар оның дерегінше, «сән-салтанат» заттарына жоғары салық салу жөніндегі міндеттерді іске асыру үшін мыналар ұсынылады:
- жиынтық құны 450 млн теңгеден асатын жылжымайтын мүлік объектілері бойынша мүлік салығының жоғары мөлшерлемесі;
- кедендік құны 75 млн теңгеден асатын жеңіл автомобильдерге акцизбен қосымша салық салу;
- қымбат алкоголь және темекі өнімдеріне, сондай-ақ қымбат теңіз кемелеріне, ұшу аппараттарына акцизбен қосымша салық салу.
Осыған дейін Үкіметтің 1,3 трлн теңгеден астам сомаға 110 салықтық жеңілдікті алып тастағалы отырғанын жаздық.