Бейнежазба авторы тұз өндіруші кәсіпорынның табысы мен жергілікті тұрғындардың әлеуметтік жағдайына қатысты мәселе көтерді. Оның айтуынша, кәсіпорын жылына шамамен 20 млрд теңге табыс тапқанымен, жергілікті халықтың жалақысы төмен. Автор Аралдың мол табиғи байлығы халықтың әл-ауқатын арттыруға да үлес қосуы керектігін айтып, кәсіпорын қызметіне қатысты бірқатар мәселе көтерді.
Алайда жергілікті атқарушы органдар бұл видеоның бұрын түсірілгенін алға тартты.
- «Аралтұз» компаниясына қатысты әлеуметтік желілерде таралған ақпарат ескірген әрі шындыққа сәйкес келмейді. Аталған кәсіпорынның директоры Тауасаров 2021 жылдан бері бұл қызметті атқармайды. Қазіргі уақытта кәсіпорындағы жағдай тұрақты, өндірістік қызмет қалыпты режимде жүргізіліп келеді, - деп мәлімдеді облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы.
Компанияның негізгі өндірістік орны Арал ауданының Жақсықылыш елді мекенінде қоныс тепкен. Аудан әкімдігі де бұл видеоның бұрынғы екенін, жағдайдың қалыпқа келгенін атап өтті.
- Қазіргі таңда зауытта 900-ге жуық адам жұмыс істейді. Жалақылары уақытылы төленіп келеді. Кейінгі екі жылда қызметкерлердің жалақысы 20 пайызға өскен. Кәсіпорында ахуал тұрақты. Штаттық режимде жұмыс жасап тұр, - делінген аудан әкімдігі таратқан ресми хабарламада.
Одан бөлек «Аралтұз» АҚ Жақсықылыш кентінде түрлі әлеуметтік жобаларды іске асырып жатқанын жеткізді. Атап айтқанда, балаларға арналған ойын алаңын салып, №19 орта мектепке оқу құрал-жабдықтарын алып беріп, өзге де түрлі қайырымдылық шараларына атсалысқан.
Бейнежазба авторы тұздың экскаватормен қазылып алынуы табиғи қордың сарқылуына әкелуі мүмкін екенін, өндіріс жұмысына қатысты экологиялық бақылаудың жеткіліксіз екенін алға тартқан. Оның сөзінше, тұз қоры осылай игеріле берсе, алдағы 30 жылда табиғи байлықтың азаю қаупі бар. Осыған байланысты ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан кәсіпорын жұмысына тәуелсіз комиссия жіберіп, тұз өндіру технологиясы мен экологиялық талаптардың сақталуын тексеруді сұраған.
Осы мәселеге байланысты Kazinform тілшісі «Аралтұз» АҚ басшылығы мен Қызылорда облыстық экология департаментіне ресми сауал жолдады.
Еске салайық, Kazinform тілшісі бұған дейін уран өндірісі орналасқан аумақтағы ауызсудың сапасы мен радиациялық фонның деңгейін зерттеп көрді.