Ескі видео қайта дүрбелең туғызды: сарбазға қатысты кадрдың шындығы қандай

АСТАНА. KAZINFORM — Қорғаныс министрлігі әлеуметтік желіде қайта тараған сарбаздың жағдайына қатысты видеоның 2024 жылы түсірілгенін мәлімдеді.

Фото: Қорғаныс министрлігі

— Әлеуметтік желілерде әскери ант қабылдау рәсімі кезінде сарбаздың басы айналып, өзін жайсыз сезінген сәті түсірілген бейнежазба қайтадан таралып жатыр. Алайда бұл оқиға биыл емес, 2024 жылы Аягөз гарнизонында болған, — деп хабарлады ведомстводан.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, «сарбаздың жағдайы қатты толқығандықтан нашарлаған. Оның денсаулығына қауіп төнбеген. Медициналық көмек дер кезінде және толық көлемде көрсетілген».

JAQ.Ortcom Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығына белгілі болғандай, аталған әскери қызметші мерзімді әскери қызметін толық өтеп, кейін запасқа шығарылған.

Демек, қазір әлеуметтік желілерде таралып жатқан бейнежазба қазіргі жағдайға қатысты емес. Оқиғаның болған уақыты мен мән-жайын көрсетпей, архивтік кадрларды қайта жариялау аудиторияны жаңылыстырып, қоғамда негізсіз алаңдаушылық туғызуы мүмкін.

— Орталық блогерлер мен жаңалықтар пабликтерін ақпарат таратқанда жауапкершілік танытып, жарияланатын мәліметтердің шынайылығына көз жеткізуге шақырады. Көрінеу жалған ақпаратты қасақана тарату заңнамаға сәйкес құқықтық жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін, — деп ескертті минирстрліктен.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанның арнайы операциялар күштері туралы жалған ақпарат тараған еді.