Ескендір Харсан кәсіби рингтегі төртінші жеңісіне қол жеткізді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық боксшы Ескендір Харсан (3-0, 3 КО) кәсіби рингтегі төртінші жеңісіне қол жеткізді, деп хабарлайды Sports.kz.

Ол Остиндегі (Техас штаты, АҚШ) бокс кешінде өнер көрсетті. Жеңіл салмақтағы 6 раундтық жекпе-жекте 21 жастағы қазақстандық мексикалық Мануэль Рубалькавомен (4-27, 0 КО) қолғап түйістірген болатын. Бұл жолы Харсан мексикалық боксшыны төртінші раундта нокаутқа жіберді. Осылайша, Ескендір өзінің карьерасында 4-ші рет қатарынан кездесуді мерзімінен бұрын аяқтады. Ал мексикалық боксшының бұл 28-ші жеңілісі.

Осыған дейінгі кездесуін Харсан 17 наурызда тағы да сол Остинде өткізген болатын. Онда ол үшінші раундта америкалық Ричард Муньосты (1-3-1, 0 КО) есінен тандырды.