Ескерткішке мейкап жасаған астаналық айыппұл арқалады
АСТАНА. KAZINFORM — Елорда прокуратурасы «Заң және тәртіп» идеологиясын жүзеге асыру аясында полиция және жергілікті атқарушы органдармен бірге вандализмге қарсы күресті жалғастырып жатыр.
Қалалық прокуратура ұсынған мәліметке сүйенсек, жыл басынан бері бөтеннің мүлкін қасақана жойғаны немесе бүлдіргені үшін 160 тұлға әкімшілік жауаптылыққа тартылып, 93 адам қамауға алынды және 67 адамға жалпы сомасы 10,4 млн теңге айыппұл салынды.
— Биыл 12 тамызда сағат 19.20-да «Марден» бизнес орталығының аялдамасында астаналық тұрғын мас күйінде автобустың есігін қасақана теуіп әйнегін сындырған. Сот шешімімен айыпты 10 тәулікке қамауға алынды. Сонымен қатар 37 жастағы қала тұрғыны мас күйінде Ш. Уәлиханов пен Ж.Тархан көшесінің қиылысында «Мехколонна № 56» автобус аялдамасының әйнегін сындырған. Ол да 10 тәулікке қамаққа алынды. Осыған ұқсас жағдай биыл 26 тамызда 10.30-да болған, азаматша ескерткішті бояндырған (мейкап) бұл бүлдіру фактісі болып саналады. Аталған азаматшаға 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды, — делінген хабарламада.
Осы орайда қалалық прокуратура қоғамдық орындарда тәртіпті бұзғандарға 30 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу жазасын көзделгенін еске салады.
Айта кетсек, елімізде «Заң және тәртіп» қағидатын қолданудың арқасында қылмыс саны азайған.