ОРАЛ. ҚазАқпарат - «Қазгидромет» РМК БҚО филиалының мәліметі бойынша 28 қаңтар күні өңірдің кей жерлерінде бұрқасын көтеріліп, тұман түсіп, көктайғақ болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оңтүстік-батыстан соғатын желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге дейін күшейеді.
Орал қаласында да ауа райы бұзылады.
Осыған байланысты БҚО ТЖ департаменті тұрғындар арасында төтенше оқиғаларды болдырмау мақсатында ескерту жариялады.
Биыл облыста қар ерекше мол түсті. Мысалы, Оралда соңғы 35 жылда мұндай жағдай 1987 жылы орын алып, қардың биіктігі 55 сантиметр болған еді. Орал қаласы әкімінің баспасөз қызметінен алынған мәліметке қарағанда, қаңтардың өзінде қардың қалыңдығы 60 сантиметрге жетті. 1-25 қаңтарда Оралда 33,6 мм қар түсті, бұл айлық нормадан (28 мм) әлдеқайда артық.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда боранға байланысты жолдар жабылып, жыл басынан бері қар құрсауында қалған көліктер саны 184-ке жеткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).