Ескі картаның арқасында Корея өз жерін қайтарып алды

АСТАНА. 29 наурыз. ҚазАқпарат - Ең алғаш рет ХІХ ғасырда жарыққа шыққан карта Жапония мен Оңтүстік  Корея таласып отырған Токто аралының Корея меншігі екенін дәлелдеп берді, деп хабарлайды корейлік «Рейнап» ақпарат агенттігі.

Бұл картада Жапония мен Токто аралдары екі бөлек түспен боялған. Ал 1904 жылы жарық көрген тағы бір картада аталмыш аралдар оңтүстіккореялық Канвондо провинциясына қосылып белгіленген. Сондықтан зерттеушілер аралдардың Кореяға тиесілі екені ешбір дау туғызбайды деп отыр.

Ескі карталар екі ел арасында көптен бері шиеленісіп келе жатқан, ал соңғы бір-екі аптада тіптен ушығып кеткен жер дауын түпкілікті шешуде негізгі дәлел ретінде ұсынылды. Бұл карталарды жариялаудағы корейлік биліктің мақсаты жуырда Токтоны жапон жеріне «қосатын» оқулық шығарған жапондық білім министрлігіне наразылық білдіру болып табылады.

Аталмыш оқулық жапондардың Токтоны өздері иемденіп алған алғашқы оқулық емес болып тұр. Сондықтан да Оңтүстік Кореяның СІМ-і жапондық елшіге ескерту жолдады.

Токто - Жапон теңізіндегі жалпы аумағы 0,2 шаршы шақырым болатын шағын аралдардың жиынтығы. Корейлер оны Токто десе, жапондар Такэсима, ал батыстықтар Лианкур деп атайды. Қазір Токто аралдарын Корея бақылауда ұстап отыр. Олардың мәлімдеуінше, бұл аралдар атам замандардан бері солардың меншігі. Алайда тарихи деректер бойынша, олар аралдарды Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін ғана иемдене бастаған.