Ескі вокзал мұражайға айналады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Грекияның темір жолдар ұйымы Афина-Пелопеннес желісіндегі ескі стансаны қайта жаңғыртып, сол жерде Темір жол мұражайын ашуға кірісті.

Вокзал 1884-1889 жылдары француз инженерлерінің сызбасының негізінде салынған. Неоклассицизм мен жаңашылдық стильдері қосылған екі қабатты ғимараттың соңғы түпнұсқасы 1913 жылы аяқталды. Оның сырт жағында ұзартылған платформа орналасты.

Соңғы тоғыз жыл бойы жабық тұрған вокзалға Грекияның тарихи-мәдени құндылығы деген дәреже берілді. Мұнда осы кезге дейін 19-ғасырдың декоративтік элементтері - ағаш сағаттар, газды шамдар, мәрмәр алауошақтар және басқа да заттар сақталған.

Жаңғыртудан кейін мұражайда көрме орталығы, көп функционалды зал, жәдігерлік дүңгіршек және қосымша ғимараттар жұмыс істейтін болады. Темір жол бойында, сонымен бірге, көрменің бір бөлігі - вагондар мен механизмдер орналастырылады, деп жазады Росбалт.