Ескі жыл есіркеп, Жаңа жыл жарылқасын, ағайын! - Д.Мыңбай

None
АСТАНА. 29 желтоқсан. ҚазАқпарат - ҚР Мәденит және ақпарат министрі Дархан Мыңбай мәдениет қызметкерлерін, БАҚ шығармашыл ұжымдарын келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.

Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің сайтында хабарланды.

«Құрметті достар! Табалдырығымыздан аттағалы тұрған 2013 жыл құтты болсын!

«Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп». Жаңа жыл жарқын оқиғаларға, жаңа премьераларға, игі істер мен шығармашылық жаңалықтарға толы болсын. Сан қырлы мәдениетіміз бен өнеріміздің бағындырар белестері, алар асулары көп болсын.

Келер жыл БАҚ өкілдеріне де жақсы жаңалықтардың хабаршысы болуға жазып, мазмұнды жарияланымдар мен репортаждар көбейіп, басылымдардың тиражы еселеніп өсетін жыл болуына тілектестік білдіреміз.

Жаңа жыл қарсаңында, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға береке-бірлік тілейміз.

Ескі жыл есіркеп, Жаңа жыл жарылқасын, ағайын!», - делінген құттықтауда.